6 страница8 августа 2023, 19:08

Алтыншы бөлім

Келесі екі ай керемет қарбалас өтті. Оқу жылының соңы болғасын, тапсырмалар мен проектілерден көз ашпастан, бас алмай сабақ оқыдым. Бітпейтін дүйсенбілер.
Аудармашыға оқып жүріп, келешегімді бұлыңғыр елестететінмін. Мектеп қабырғасында туған арманның мерзімі өтіп кетсе де, сол арманның елесіне амалсыз жармаса, өзімді- өзім итерудемін. Егер оны жіберіп алсам, тіпті, үміттің қолынан келер еш шара қалмайды.
Еліктеушілік тұлғаны қалыптастыра алады ма? Мүмкін туғалы еліктеушілікпен дем алып келе жатқан болармыз? Мәселен, ананың ақ сүтімен дариды деп жырланған тілдің өзі үлкен имитация емес пе? Олай болса, белгілі бір ниетпен орын алатын еліктеушіліктің болуы қалаудан тыс орындалатын електеудің бар екендігін дәлелдемейді ме? Бала күнімде мұнымды әкем жиі сөгетін: кинодан көргенімді болсын, кездестірген адамды болсын, бірден қайталай кететінмін. Немесе түсініксіз, жылдам сөйлегенімді жақтыртпағаны шығар. Әлі де тура солай сөйлеймін бірақ. Кей жағдайда, тіпті, байқамай да қаласың: бір қарасаң, сөздерің ұқсап кетеді яки пікірің. Бәлкім, түпнұсқа дегеннің өзі еліктеулердің жиынтығы болар?
Бірде кітаптан заттарға қарап, оның өткеннін елестететін адам жайлы оқып едім, яғни допқа қарап иесін елестетсе, қоқыста жатқан ойыншықты көріп, қалай сатып алынғанын, ойналғанын көз алдында көретін. Кейіпкердің бұл ерекшелігін оқығасын, мен де әлемге басқаша қарай бастағандай болдым, имитация. Сымға қонып тұрған қара қарға тағы қай үйлерде қонақтады екен? Ес білгелі күнде көріп жүрген үй жақтағы аурухана қоршауына салынған суреттің иесі қазір кім екен? Өзіндей қабырғаға сурет сап, ойнап жүрген кішкентайдың әкесі болар, бәлкім?
Бірде ХҚО-ына барғанда, қабағы бір ашылмаған орта жастағы әпкені көрдім, өзі қызмет көрсетуші. Үлкен кісілерге шейін дөрекі сөйлеп, әбден ашуымды келтіргені бар еді. Ал қазір, іште осыншама агрессия тұнып қалатындай, басынан не өтті екен деп ойлаймын. Бәлкім, отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны шығар? Яки жұмысын жек көретін болар? Бәрінен қажыған болар, бәлки. Іс - әрекетін ақтап алуға тырыссам да, естеліктің ащы дәмі тамағымда тұрып қалғандай болды, жұтынған сайын құсықтай қайта келеді.

Бір-бірімізді түсінбейтіндіктен, тым қатігез болармыз? Яки тек өз қайғымызды ғана көретіндіктен болар?..

Шілденің аптап ыстығының ортасында отбасылық пикник құруды жоспарладық, тіпті, Заринаның да келіп қалуы ықтимал еді. Зарина екі жыл бұрын кіші жүздерге келін боп түсті де, Астанаға көшіп кетті. Содан бері оны көру қиынның- қиынына айналды. Кішкентайымыздан ажырамай бірге өскендіктен, әпкемді ерекше жақсы көретінмін, не мазалап жүрсе де, тек соған айтып, содан ақыл сұрайтынмын. Шынымен, жаны жайсаң тамаша жан, қажет сөздерді қажетті уақытта дөп басып айтушы еді. Сондықтан пикниктен бұрын, оның үйге келуін тағатсыздана күттім. Тіпті, соңғы екі- үш күн нағыз сынақ болды десем де болады, анам дастарқан қамымен әлек болса, әкем екеуіміз төсеніш, спикер, көрпеше, тіпті, қармаққа шейін дайындап қойдық. Ал, Ербол бір күндік ойынын жіберіп алармын деп, соның орнын алдын-ала толтырмақшы болғандай, таң атқаннан кеш батқанға дейін үй көрмеді. Әр жазда әйтеуір бір ойыншықтардың жаңа түрі шығады ғой, бұл жылы қытайдың slime деп аталатын желім іспеттес жұмсақ бір бәлесін сұрап мазаны алды. Соны Aliexpress- тен қоймай да қоймай алғызып еді, бір айдан соң өзі -ақ бүкіл дүкендерде екі есе арзан бағамен қаптап кетті. Кенже болғасын әке-шешесі бетінен қақпайды ғой, не айтса, сол -заң. Кейде, тіпті, өзім де қызығып кетемін.
Келесі күні анам екеуіміз ас үйден мүлдем шықпадық, үстімізге майдың иісі әбден сіңіп қалған: бірінің артынан бірін пісіріп, құдды бір құда күтуге дайындалып жатқандай ас дайындаумен болдық. Мұны жеп тауыспарымыз анық, бірақ қайтпек керек? Қазақпыз ғой.
Кешке таман әпкем келіп қалуы керек.
«Әсел» пештен самсаны шығарамын деп жатып, саусағымды күйдіріп алдым. Аузыма сала кетіп, қол жуғыштың жоғары жағында тұрған сөреден тіс жуғыш пастаны алдым да, саусағыма абайлап жағып қойдым. Мұным көмектеседі ме, жоқ па, шынымды айтсам, білмеймін. Әйтеуір елдерден көргесін, анықтап әуре де болмайды екенсің. Кенет бақырған баланың даусы естілді, сыртқа шығып қарасам, көрші Сәлима апай ұлын жетектеп келе жатыр екен.Анамды шақырдым да, өзім іштен сығалап қарап тұрдым.
- Сәлеметсіз бе, Гүлсім көрші. Ерболыңыз Хамитке күн бермейді. Араласпасам болмады, осымен қаншасыншы рет жылап келді. Біресе добын тартып алады, біресе жығып кетеді, ескертіп қойыңызшы. Бара -бара тіпті сотқар боп кетті ғой,- деді Сәлима апай шағымдана. Ал Ерболдың өзі қайда жүр деп қоямын ішімнен. Хамиттің шынтағы қанап тұр екен.
- Бала ғой, ренжімеңізші. Бүгін төбелеседі, ертең татуласады. Айтып ескертемін, кешіріңіз. Бұл бала өзі сондай болды осы күндері, - деді анам күйініп. Балалардың арасына түскені ыңғайсыз болды - ау деген ой сап ете қалды. Іштен кәмпит алып шығып, жылап тұрған кішкентайға ұстатып, басынан сипадым.
(Қап, мына жүгермекті ме! Қайда жүр өзі?!)
Сәлима апай үйіне қайтқасын, артынша бес минут өтпей- ақ Ербол үйге жүгіріп кірді.
-Ербол, балам, Сәлиманың Хамитіне неге тидің? Неге осы тыныш жүрмейсің?
-Мама, ол өзі ғой,- деді ол, қолын сілтеп.
-Өзі ғой демеші осы, - дедім мен де жағаласып.
-Елдерге соқтықпай-ақ өзің ойнасашы. Ұят болды Сәлимадан. Жақсы баласың ғой сен, біреудің добын тартып алған жөн емес, - деді анам жұмсақ жеткізбек болып. Сөзін жақтай беретініне іштей ызам келді. -Енді өйтуші болма.
-Жоқ, неге сен Хамитке тиісесің? Ол сенен кішкентай ғой. Добында нең бар?Өзіңде жетіп артылады емес пе? - дедім мен айғайлай.
-Ой, ол өзі ғой жылауық, - деді Ербол да бұлқан-талқан болып.
-Бетіңмен кеткенсің сен! Өзіңнен кішкентайда не өшің қалды? Шынтағы қан жусап кетіпті, өкіріп кеп тұр мұнда,- дедім де, қолынан сілкіп-сілкіп жібердім. Түс жуғыш паста жейдесіне жағылып кетіп, саусағым дыз ете қалды.
-Қой болды, Жадыра,- деді анам қабағын шытып.
-Жоқ, неге оны жақтай бересіздер? Істеп жүргенін көрмейсіздер ме? Әбден тәлпіштеніп кетті. Ертең қойды білмейтін біреу боп шығады ғой,- дедім мен одан бетер ызалана.
-Сөз қайтарма анаңа, - деп жекіп жіберді әкем. - Сен де Ерболдан асып түспесең,кем болмадың.
-Түсінбедім...
-Құралайға істегенің есіңнен шығып қалды ма әлде?- деді әкем сұстана қарап. Мен жерге қаққан қазықтай сұстиып тұрып қалдым.
-Жандос...-деді анам, әкеме қарап.
-Не? Сол кезде де қызыңның сөзін сөйлегенсің. Енді, міне, балаң да сөйтті. Олар не жасаса да, бәрі сенің тәрбиеңнен,- деді де әкем, ауыр күрсініп бөлмеден шығып кетті. Артынан жабылған есік бетіме ащы шапалақ боп тигендей болды. Анам үндемей үстелдің үстін сүрте бастады. Құралай?... Дастарқанға тық-тық етіп құлап жатқан тамышының дыбысын естігесін, кері айналып, мен де бөлмеме жүгіре жөнелдім.
Мен Құралайға не істеп қойдым? Көзімді жұмып, есіме түсіруге тырысып бақтым. Не істедім? Тағы кімге не істедім? Қанша қозғасам да,үзік- үзік сәттерден өзге, басыма ешнәрсе келер емес. Міне, біз Алматыда саябақта жүрміз. Өкпеме ауа жетпей жатқандай, кеудем қысылды. Ал, мұнда, ауылда Құралай таңертеңгісін бәрімізді айқайлаған әнімен оятуда. Тілім таңдайыма жабысып қалғандай аузым құрғады. Біресе үйде резіңке секіріп жүрміз. Ал мынау, жаңа жылдық сурет, екеуіміздің үстімізде бірдей көйлек. Дем жетпей жатыр. Бояуы таусылған принтерді шайқағандай, басымды ұрып- ұрып жібердім. Жадыра, не істедің?
«Мамаға айтып беремін қазір»...
Мөлтілдеген кішкентай Құралайдың жанары үрейлене жоғары қарап, басын шайқауда. Оған сонша төніп тұрған кім?
«Жылама деймін!»
Құралай солқылдап, өксігін баса алмай  тұр. Неге...
Кенеттен денем жерге сылқ ете түсіп, серпінінен жаным сыртқа ытқып шыққандай, өз сүлдеме өзім жан-жақтан қарап тұрғанымды сездім.
  Жадыра дірілдеген қолымен аузын бүркеп, бүк түсе кетті. Жыбырлап жатқан еріндері үнін ішке жұтқандай, үнсіз ыңырсыған күйі құлап жатыр. Мен де қасына отырып, тіземді құшақтай алдым. Сүлденің қолындағы діріл енді жаман аурудай денеге түгел таралып, ол ерте түскен қардың астында қалған көк секілді қалтыраған үстіне қалтырай түсті. Үздіксіз басын шайқаумен алақанын тістелегеніне қарадым да отырдым. Минуттар сағатқа жалғасып , тамашалаған күйі қатып қалыппын. Сүлде де үзіле алмай тұрған шық құсап, үздік селкілдеп қояды. Орынан тұратын ойы жоқ секілді. Күрсіндім де, сағатқа қайта көз жібердім: жетіден асыпты. Көп ұзамай, күн де бататын болар.
Кенеттен есік ашылып, сығалай қараған Ерболдың басы көрінді.
- Шайға шақырып жатыр, - деді ол үріккен күшіктей басын бұғып. Жадыра баяу басын издеді де, Ерболды өзіне шақырды. Кібіртіктеген күйі, ол да жанына жайғасып еді, Жадыра құшақтай алып, маңдайынан сүйді.
- Кешір, - деді ол дірілдеген даусымен, - Жақсы ер азамат боп өс, мақұл ма? Сенің жүрегің әлі таза, ботақаным, мен сияқты болма, мақұл? Кешір, -деді де, су жуып кеткен ернімен қайта- қайта оны сүйді. Ерболдың да түсінгендей көңілі босап кетті. Сүлде жеңімен оның бетін сүртті де, «Бара ғой» деді.
Бөлме есігі қайта жабылғасын, салбырап тұрды да, айнаға барып, түрін ретке келтірді. Орамалын түзеп жатып, біресе маған қарайды, біресе өзіне. Мен басымды изегесін, бөлмеден бірге шықтық. Кенет сыртқы есік айқара ашылды да, ішке езу тартқан Зарина кіріп келді. Абыр-сабыр болып, амандасып, дастарқан басына жиыла кеттік. Кеш бойы бәрі шат-шадыман күлісіп, әңгімелесіп жатты. Тек анам ғана Жадыраға іле-іле қарап қояды, алайда ол оны мүлдем байқамағандай,әпкесімен әзілдесіп, жыл бойына болған жайттандан хабардар етіп жатыр. Көп ұзамай қуаныш бәрін жуып-шайғандай, ешкім де қысылып - қымтырылмастан, бір-біріне әдеттегінше қарай бастады. Шайдан кейін Зарина бәрімізге базарлығын табыстады, Ерболдың қуанышында шек жоқ. Қолына жаңа мәшинесін ұстаған күйі үй шарлап, секектеп жүр. Әкем Заринаның қайын жұртын, үй ішін жеке-жеке түгендеп, хәлдерін біліп шықты. Анасы күлімсіреген күйі, ертеңгі пикниктің жайын хабарлады. Ал, Сүлде ара-ара әңгімеге қосылып қойып, жымиған күйі бұрышта ыдыс жуып жатыр. Жақынырақ келіп, иығына басымды қойдым. Жадыра сорғышты қайта көпіртіп, тәрелкелерді жуа бастағаны мұң екен, қолдары қайта дірілдей бастады. Езуі болса, сол күлкіде қатқан күйі тұр...
Зарина Жадыраның қасында қонды, екеуі көз ілместен шүйіркелесіп жатып, төртке таман бір-ақ жастыққа бастырын қойды. Сонда ғана Сүлденің жатқан тұсының шетіне отырып, оны түрттім. Еріксіз көзін ашқан Жадыра себебін сұрағандай маған тесірейе қарады. Мен бұрышта тұрған жайнамазды нұсқадым да, қайта Сүлдеге қсрадым. Жадыра ұзақ телміріп тұрды да, кері бұрылып, көрпемен басын бүркеп алды. Мен тағы да күрсіндім де, жанына жатып, оны құшақтаған күйі ұйықтап кеттім.
Таң сәріде жолға шығып, қала сыртына тарта отырып, бір сағаттан соң діттеген жерімізге барып тоқтағасын, әркім өзінің ісіне кірісті. Әкем сексеуілін жағып, кәуап дайындауға кетсе, анам мен әпкем дастарқан жайды. Көліктен тасып, суды, салаттарды бірретік тәрелкелерге салып, жайғастырып жатты. Ербол Зарина әкелген ойыншығын қолтықтап, әрі-бері жүгірумен болды. Түске таман дастарқан басына жиылып, ауқатқа бәрі бас салды. Жадыра кірген азанның даусын өшіріп, телефонын дыбыссыз режимге қойды да, енжар күйі тамақтан алды.
Ойын да ойналды, тамақ та ішілді. Отбасылық суретке түсіп, табиғат аясында бір сергіп алған соң, күн батпай тұрып үйге қайттық. Көлікте бәрі шаршаңқы отырғанымен, қуаныштың лебі сезіліп тұрды. Керемет күн болғаны рас.

Үйге жеткесін шай ішіп, бір шаршағандарын басып алған соң, бәрі өз бөлмелеріне тарады. Ербол баяғыда ұйықтап қалғасын, әкем оны бөлмесіне көтеріп апарып жатқызды да, өзі де соның қасында қалды.
Әпкем болса мұны көре сала:
-Мен мамамен ұйықтаймын онда, -деп жүгірген күйі анамның артынша бөлмесіне кетті. Көп ұзамай, бөлмелерінен жарқын-жарқын күлкі естілгесін, Жадыра да өз жайына беттеді.

Ал мен соңынан ақырын ілбідім.

6 страница8 августа 2023, 19:08