Жетінші бөлім
Сүлде киімін ауыстырып, өзінен өзін жуып тастағысы келгендей, денесі қан қызарып кеткенге дейін ысқылап жуды. Суық судың астында тіпті ауруды да сезбейтіндей. Әлде ауруды сезбеудің өзі ауру ма? Аузынан түсініксіз төгіліп жатқан сөздерді су толқыны артынша шайып жіберіп жатыр. Үздіксіз міңгірлегені болмаса, айтқанының бір сөзін де ұға алмадым. Жеңілдеуді жанына көп көргендей, сүртінбестен киімін қайта киіп, душтан шықты. Қара шашының сарқырамасы мылқау үнсіздікте жетім сестей жаңғырып жатты. Ол төмен құлады. Тек қашан?
Ақырын барып, иығына қолымды қоя берген едім, ол атом бомбасындай жарылып кеп жіберді.
-Жолама. Кет әрі,- деді ол айғайлай. Тыныштандырмақшы боп жақындап едім, -кет дедім!- деп одан бетер бақырды.
- Бұлай етпеші...
Жаралы аңдай мені жуыстпастан, шегіншектей берді. Жанарындағы үмітсіздіктің қоюлығы сондай, енді қанша қол созсам да, оны құша алмайтындай көрінді.
-Сабырға кел,- мұны айтқаныма өкініп үлгермей жатып, ол маған тарпа бас салды.
-Қайда болдың? Мен өлгенде қайда болдың? Батып жатып, біреуді тұншықтырғанымда, қолымды неге кеспедің? Егер қамымды ойласаң, қалайша мұныма жол бердің?
Сүлде дәрменсіз жерге күрс етіп құлап түсті. Сөйтті де, осыншама уақыт тежеген көз жасына ерік берді. Ағыл- тегіл боп төгілген жанарының мөлдір сиясы бозғыл жүзіне түм қасіретін өрнектеп салғандай, ішкі шіріктің кейпі енді сыртқа қалқып шықты.
-Көзіме топырақ сепкенде, қайда болдың? Құлағымды қарғысқа бітегенде, жалғыз қалдырдың ғой. Қайда болдың?
Оған қарсы еденге отырдым да, көзіне тік қарадым. Қолымды қолына таяп, қайтуға ұмтылып едім, тоқ ұрғандай кері ұша кеттім: қаламайды мені.Бұрыштағы сөреге тағы көз тастадым, оған жоламай кетсе не болмақ?
Жадыра басын соққылай, еңкілге басты. Үш жасында әкесі қайтқалы, Құралай біздің үйде тұратын. Анасы қала сыртында жұмыс жасайтын болғандықтан, таңертеңнен кешке дейін үйде болмайтын. Құралай өзі ашық, жайдары болатын кішкентайында. Анамнан қорқатындығын білгендіктен, бар бүлдіргенімді сонымен жабатынмын. Оның үстіне жасым үлкен, демек күшім де басым болғаны анық, төбелескенде үнемі жылап қалатын. Келіспей қалсақ болды, күш көрсетіп жүріп, айтқанымды істететінмін. Жасамағанын жасады деп, жала жауып, ақталмақ болса, анамды айтым қорқытатынмын. Әкем анда-санда айтып қойса да, көбісінде Құралай жасын үйдегілерге көрсетпейтін. Мені айтып шағымданса, анам қорғап шығатынын білетіндіктен, айтуға тырысып та әуре болмайтын. Күн сайын жаңа бірнәрсе шығарып ап, күн көрсетпеуші едім. Осылайша төрт жыл жалғасты, кейін Ұлжан апа үй сатып алмайынша, Құралайдың ауылда, өздерінің қасында, болатынын айтты. Анасы қалада жұмыс жасап, пәтер жалдап тұратын болды да, аяққа тұрып алған соң, Құралайды өзінің жанына алмақ еді. Көшетінін естігенде, Құралайдың қуанышында шек болмады.Шаттанып тұрып сонда:
-Алақай, Жадырадан құтылатын болдым,- дей бергені мұң екен, барлығы маған жалт қарағаны есімде. Ұсталған ұрыдай, маңдайым секундта тепшіп кетіп, сасқалақтағаннан не айтарымды білмей қалғанда, анам:
-Ойбай, өйдейтіндей Жадырадан қандай жамандық көрдің? - деп жекіп жіберді.
Сонда, мені шапалақпен періп қалғандарында ғой. Сабап- сабап, қуып жіберіп, Құралайды алып қалғандарында...
-Қалайша мұны ұмытып қалдым?- деді Жадыра маған қарай. Мен үндемедім. Кенеттен, жүрегім қысылғандай, дем жетпей, кеудем ауырып кетті.
- Сен мені құтқара алмадың, - деді ол басын төмен салбырата. - Құтқара алмадың... Мұрныма иісі де келмейтін нәрсені мүмкін етіп көрсеттің де, қолымнан қайта жұлып алдың.
- Қайдағыны айтпа. Қиналып тұрғаныңды білемін. Алайда сәл де болсын ойлансаң қайтеді,- дедім ашулана.
- Нені? Бауырымды қалай кемсіткенімді ме? Әлде бәрін ұмытып қалып, сүттен ақ, судан таза жандай жер басып жүргенімді ме? Есіме Құралайдың оқиғасы ғана түсті деп ойлаймысың? Басқаларының бәрі де қапама қайтты, күні кеше болғандай, беті қатқан жараны қайта тырнап ашқандағыдай жаңадан қансырап тұр. Қанша адамға зияным тиді! Қаншаның өмірін талқандап, зар қақсаттым! Сені иттің етінен жек көремін. Мұнафиқ!
Мұнысына да не дерімді білмедім. Сөзі сүйектен өтті.
- Иә, бәлкім, сенікі дұрыс шығар. Бірақ құр өзіңді жегідей жей бергенше, сәл ойланып қарасаң етті? Есіңе тоқаш қыз бостан- босқа түсті деп ойлаймысың? Құралай ше, көрген түсің ше? Тіпті қараған фильмнің өзі... Айналаңның бәрі белгіге толып тұрған жоқ па? Егер Ол сенің толықтай күнәға батып кеткеніңді қаласа, ғапылдықтан оятпас еді ғой. Тәубе етуге мұрсат бермес еді– дедім мен жүзіне қарап.
- Сонда не үшін болды мұның бәрі? Шынымен менің өзімді сонша жек көргенімді қалайды ма? Өзіме зияндық еткенімді қойшы, бауырыма қатігездік қылатындай, қаншалықты бейшара болғам? Сонша жауыз болғаным ба? Мұндай сұмпайылығым қалайша іште жасырын жатқан? Қалайша мұнымды ұмытып қалғанмын? Сонда менің бар өмірім, өзім туралы білгенімнің бәрі жалған болғаны ғой? Қой терісін жамылған қасқыр екенмін ғой! Егер Ол мені шынымен жақсы көрсе, неліктен сондай жауыздыққа бармас бұрын мені алмады? Бүйткенше, өлгенім артық еді. Неліктен бауырымды ұрған қолдарым шауылып түспеді? Неге мендей біреуді жер басқызып қойды? Қалайша мен секілді біреу намаз оқып жүрген? Әке-шешеге қарсы сөйлеген ауыздан қалай енді зікір төгілмек? Лаңнан көр болған көздер тәфәккурге қалайша жетелемек? Қалайша мендей біреу мұсылман болмақ? Қарайған жүрек Өзін қалайша сүйе алмақ? Сүймек түгіл, ол енді соқпайды да. Мені алдадыңдар. Жәннатты көз алдыма әкеліп, сағымдай жоқ еттің ғой. Жоқ еттің,-деп еңірей кетті. Мен де қосыла жыладым.
- Дегенмен хикметі де сол емес пе? Сен кешіре алмағанды, Ол кешіреді... Тіпті, сол кешпесің өзің болсаң да. Сені кешіргісі келгесін, есіңе салды. Кешіргісі келгесін, жаныңды ауыртты.
- Өзіме деген жеккөрініш тұнған жүректе махаббатқа орын қалмады. Қалай маған сүй дейсің? Сүюге лайық емеспін, кешірімге де тап солай. Біттім мен... адам болып жаратылмағанымда ғой. Тек адам болмағанымда.Шаршадым... Бұл жолы шынымен қажыдым. Тұрғым келмейді, тіпті, мені сүйеді –ау дегенге өзімді көндіре де алар емеспін. Көз алдыма иығымдағы жазушылардың жиіркенген түрлері елестеуде, басқаша болуы да мүмкін емес, олар түгілі өзімнің де жүзіме түкіргім келеді. Қалайша олай етуіме жол бердің? Шайтанның уысында тастап кеттің мені. Қараңғыда жападан жалғыз талақ ете бардың.
- Бұлай демеші. Үмітіңді үзбе. Көнбе малғұнның айтқанына. Сабырға кел, біз түсінбейтін нәрсенің өзінің артында да, Оның шексіз даналығы жатыр ғой.
- Жоқ, осы уақытқа дейін кішкене шыдасам, Өзімен қауышармын деген үмітпен таңда көзімді ашатынмын. Ашуға, нәпсіме жеңілген сайын, қайта күресіп, қайта кешірім тілеуге күш іздейтінмін. Мінезімнің құрығына ілінген әр милисекунд үшін, сағаттап өзімді жек көретінмін. Дұға етсем, өзгеретініме шын көңіліммен иландым. Бір күні, әйтеуір бір күні...
Бірақ мен көз ашқалы күнәдан өзгені істемеген екем ғой. Туғалы жауыз екем. Осыған дейін ықылассыз жақсылық жасап, күнәдан рақат сезінгенімнен жиренсем де, бәрі өзгерер дедім. Әлсіздігімді жек көрдім дегенім болмысымды жаратпағаным боп шықты. Ақыры, не болса, ол болсын, тек Оған қайтсам екен деген арман жетегінде ғана өмір сүрдім. Күн сайын, бәлкім, бүгін бәрі бітер деген үмітпен, бес минуттық ұйқыдан, үп еткен желден өлімді күттім. Себебі қорқынышымнан арманым биік болатын. Қауышып, бәрі ұмыт боларына кәміл сендім. Бірақ енді Оның менімен қауышқысы келетініне күмәнім бар...
-Жоқ, -дедім мен жоғалып бара жатқан сұлбама қарап. –Өтінем, Жадыра, соңғы рет... Соңғы рет, сол арманыңның жұрнағы қалған болса, соңғы рет дұға етші. Жалынайын,- дедім де оны құшақтай кеттім.- Соңғы рет...
Сүлде қарсылықпен буырқанса да, қысып тұрған қолымды ақыры алды. Дірілдеген күйі, алақанын көкке жайып, "Рақымыңнан қуылған шайтаннан сақтай гөр деп, Алладан пана тілеймін! - деп сыбырлап еді, жүрегінің лүпілі кеудемде әлсіз қайта соққанын сездім. -Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен!" Ақырын алақанына алақанымды қоя берген едім, бұл жолы ешқандай кері итеру болмады. Сүлде мені сыртқа мені теппеді.
«Уа, Алла Тағалам! Сен − менің Раббымсың! Сенен басқа Тәңір жоқ. Мені Сен жараттың. Мен − Сенің құлыңмын, қолымнан келгенше Өзіңе берген уәдеме берік боламын. Істеген істерімнің кесір-кесапатынан бір Өзің сақтай гөр! Берген нығметтеріңнің бәріне шүкіршілік етемін һәм жасаған күнәларымды толық мойындаймын. Мені кешіре гөр! Шынында, күнәларды Өзіңнен басқа ешкім кешіре алмайды».
Жерге сылқ түсіп, истиғфарды тілім күрмелмей, жеңіл шыққанша дейін қайталадым. Кенеттен кеудем ауа жетпей жатқандай тарыла кетіп, қас пен көздің арасында борша-борша боп терлеп кеттім. Дереу орнымнан түрегеле, енжар күйім көйлек-орамалымды кие сала, бұрыштағы сөреден жайнамазды алдым да, бөлмеден ақырын шықтым. Үйдегілердің бөлмелеріне бір көз жіберіп, кері бұрылдым да, қосымша кілтпен есікті сырттан құлттап, далаға беттедім. Алыстан естілген муәззиннің әсем даусы арқама қанат бітіргендей болды.
Аспанға жаудырап қарасам, қою қара бұлттардың арасында жалғыз ай ерекше жарқырап тұр екен, жұлдыздар кезек- кезек жымыңдауда. Бәлкім, Рахманның ең сұлу жаратқаны аспан болар...
Ай жарығы сәулелеген жолмен тік жүре отырып, мешітке баяу жол тарттым. Жер сақтаған бар жылуын табаныма төсеп, жалаң аяқ басқан әр қадамым қауышуға таяй түскендей. Кетуім қажет, мені тосып қалғаны анық.
Өйткені мен жүріп келемін...