5 страница8 августа 2023, 18:49

Бесінші бөлім


Екі күннен кейін Ұлжан апалар ауылға қайтты. Анам оны- мұнысын дайындап, үйге базарлық ретінде кәмпит, жеміс-жидек пен қыздарға менің бұрын таққан шаш қыстырғыштарым мен сырға, әшекейлерімді беріп жіберді.
Құралаймен қоштасып жатып, фильм үшін рақмет айттым. Ол да жымия басын изеп, шығып кетті. Құшақтауға созылған қолдарым ауада жетімсіреп тұрып қалды да, арттарынан есік жабылғасын, баяу төмен түсті.
Сыртта ауа- райы өте керемет болып тұрды. Бестің шайынан кейін асығыс күртеше мен қолшатырды алып, далаға шықтым. Мамырдың жаңбырларын жаным сүйеді: жылы, өткінші, өкініш қалдырмайды. Күн найза бойынан төмен жылжып, бұлттардың арасынан үзік- үзік сығалап қояды. Бір сағаттай сыртта таза ауа жұтып, дем алдым. Кеше кешкісін болған жайттан кейін бір сергіп, қалпыма келіп алмасам, мына түріммен келесі жолы мүлдем үгіліп кетуім ықтимал.
Қалтамды қарасам, қара-қызыл жолағы бар құлаққап жатыр екен. Өлең тыңдауға ынтызарым ауды дейсің, шіркін. "Бес минут, - дедім ішімнен, - бар болғаны бес минут". Колледж қабырғасында оқып жүргенде, Нұр деген түрік мұғалімім болды: жүрегі өте жұмсақ, көреген кісі етін. Тәрбиені ілім үйретудің ажырамас бөлігі ретінде көретіндердің әрі іспен көрсететіндердің санатына жататын. Бірде адамгершілік жайлы сөз қозғап жатып, өзіңді жаманнан қалай тыю керектігімен бөлісті.
- Алғашқы бес минут. Бес минут нәпсіңе берік қарсы тұрсаң, артынша құмарың өзі- ақ сап тыйылады, - деді.
Айтқанын практикада қолданып көрдім, шыны керек, сол бес минут құдды бір шексіздіктей сезілді. Нәпсіме сонша жығылғандығымды ойлап, жаным ауырып кетті. Сәт сайын бес минуттың құлдығына құлап жатқандар қаншама!
Музыкамен алғаш күресіп бастағанда, YouTube-тан ескертетін бір уағыздарды қайтара көре беретінмін. Бірақ іштей өзіңді тізгіндей алмасаң, тыңдап-білгеніңнен не қайыр? Бәрінен ұзақ уақыт алған процесс, оның харамдығын мойындау болды. Алдымен өзіңді сындырмайыңша, ілгері жылжу мүмкін емес, солай ма? Қазір соны еске алсам, шайтанның айласынан жаным түршігеді.
Уақыт өте келе, барлығын мойындап, қабылдасам да, қарсы тұру онша жеңілдемеді. Кейде оңай, кейде, тіптен, ауыр. Әсіресе, әлсіздік басқанда.
Үмбетте қалыптасқан тағы бір олқылық - өзгені сөгу, бірден жаман ойлау. Дінді жеткізудің екі жолын көрсетеді ғой: кейбіреулер шамына тигізіп-тигізіп қатты айтса ұғып жатады, басқасы жұмсақ жолын жөн көреді. Әрине, екеуі де тікелей Аллаһтың қалауы мен пенденің болмысына байланысты. Алайда, кейде қолдауға зәру жанға жекіп, жығылған үстіне жұдырық болып жататын сәттеріміз де аз емес. Адамға харамнан айыға алмай жүргенін бетіне басып, айыптау кейде қатыгездіктің өзі секілді . Музыканы қоя алмай жүргенімде, өзіммен күресуге тиіттей көмек болса ғой деп тілейтінмін. Күресте шалына бергенде, адам екі түрлі күйге түсуі ықтимал: бірі қайта тұрудан баз кешіп, күресті жек көру, екіншісі өзіңді жек көру.
Өкінішке орай, мен көргеннің бәрі "шын ниет болса, бір-ақ күнде қойып кетесің" дегенді ұран еткендей, жан-жақтан каумалай кетті. Шын ниет...
Неге арамызда түсіністік аз? Раббысы басына сынақ етіп бермеген нәрсемен масаттануға құлдың құқығы бар ма?
Біреуге темекіні тастау қаншалықты қиын болса, басқаға таң намазына тұру соншалықты қиын. Кейбіріміз харам арақатынасты қоя алмай әлек болсақ, екіншіміз ақымызды кеше алмаймыз. Сынақтың жеңіл не ауыры болмайды, одан ұтылып я ұтатындар ғана болады.
Құлаққапты шығарып, байыппен құлағыма салдым да, шығып кеткен балапан шаштарымды реттей сала, Омар Сулейманның лекцияларын қосып, көкке көз тастадым.
Аллаһтың ең сұлу жаратқаны аспан болар, бәлкім?! Ақша бұлттан басылған жаңбырдың көлеңкесі, кемпірқосақ, көрінді. Батып бара жатқан күннің шапағы аспанды сол кемпірдің қосағының құшағында қалдырыпты. Күлгін мен сарғыш тартқан бұлттар мені де шақырғандай, қолымды көкке создым. Жәннатта бұлтқа қолдар жетеді ме екен?

***

Үйге кіре бергенде, екінші лекция қосылса керек, "Аллаһтың Аршын шайқаған жайт" деп жаңа сериясының тақырыбы айтылды. Мен сырт киімді іліп жатып, үңіліп тыңдап қалдым. Естігенім бар жан дүниемді дүр сілкіндіргені сонша, бөлмеме жүгіре жетіп, намазға тұрдым. Көзімнен жас моншақтап төгіліп, талып түсердей бойымнан әлім кетті. Бұл жолы басқа себептен.

"Ал мен өлсем не болмақ?"

***

Келесі күні таңертеңгі сабағымнан соңыра қолым бос болғандықтан, Ербол екеуіміз доп ойнауға аулаға шықтық. Менің жалғыз білетінім волейбол-тын, сондықтан жеңіл резіңке доппен бір-бірімізге кезек лақтырып ойнай кеттік. Ербол менен аласа болғасын, жиі ұшып кеткен доптың артынан жүгіріп жүрді, көп ұзамай көрші балалар да қосыла бастады. Алғашында волейбол боп басталған ойын, ақыры доп теппеге айналғасын, терлеп- тепшіп кеткен мен де ойыннан шығуды ұйғардым. Кішкентайлардың энергиясы оңай біте қоймайды ғой, қарама-қарсы орындыққа демімді баспақшы боп отырдым да, ойынды сүле бақыладым. Біраз жалыға бастағасын, телефонымдағы келген хабарламаларды қарап шықсам, соңғысы Ханшадан келіпті. Үйіне кеп қайтуымды сұрап жатыр екен, кездеспегенімізге бір айдың жүзі болғаннын ойлап, барып қайтқаным дұрыс болар деп шештім. Уақытын келіскен соң, үйге кіріп, кешігіп бармау үшін сағат төртке таман жинала бастадым.
Ханша екеуіміз бірге өскенбіз, мектепті де, колледжді де екі қозыдай қосақтаса жүріп бітірдік. Оның үйі меніңкіне тиіп тұратын, үш жыл бұрын жеке өзі 13-ші ықшам ауданына көшіп кетіп, бір- бірімізді көруіміз мұң боп қалып еді. Мені қонаққа шақырғанына іштей қуанып кеттім. Төрттің жарымында үйден шығып, дүкенге соқтым да, тәтті-пәтті алып, такси шақыра сап, Ханшаға тарттым.
Адамдар неліктен өткенді болашаққа қарағанда көп қозғайды? Неліктен оны сонша көп еркелетеміз? Неге ол қаласа қуантады, қаласа өкінішке көмеді, иыққа мініп, тізгінге жармасады?
Дастарқан басында Ханшаның мектеп уағын түртіп қалғаны мұң екен, естеліктер сыртқа төгілді. Бұзақылық пен қателіктерге толы тентек балалықты шайға шақырғандай, қызығы мен шыжығы мәңгілік жатталған шақты күле еске алып, бір марқайып қалдық. Әңгіме көпте ас дәмді емес пе?
Дейтұрғанмен, бүгіннің бар гәбі балалық шақта жасырынғаны рас. Ұшуды арман еткен де, қызылды сүйікті еткен де, қалып теңсіздігін үйреткен де сол. Егер параққа бес сөз түртсем, себебін сонан іздеңіздер.

- Еңілік аузыңнан түспеуші еді ғой,- деді Ханша, ойға шомып. Еңілік төртінші сыныпқа дейін бізбен оқып, кейін Атырауға көшіп кеткен көршінің қызы болатын. - Қимай қоштасқандарың есімде қатты қалыпты.
- Сенімен жақып достасқым келгендіктен, оны көп айтатынмын, - дедім мен де сәл ойланып.
- Бірақ неге...
- Білмеймін, Ханша, білмеймін.

***

Үйге сағат ондардың шамасында жеттім. Ханша жоғалып кетпей, жиі хабарласып тұруымды өтінді де, таксиге өзі отырғызып, бейнесі алыста ғайып болғанша, сыртта қолын ұзақ бұлғап тұрды.

- Рақмет саған,- дедім мен шыға берісте қолына қобдишаны ұстатып. - Шынымен, барлығы үшін үлкен рақмет,- дедім де, теріс бұрылып таксиге отырдым. Жанардан үнсіз үзіліп түскен жасты қараңғылықта жасырып, көзімді жұма, қораптағы қара жіпке асылған жүректі елестеттім.

Аманат.

5 страница8 августа 2023, 18:49