Төртінші бөлім
Түн жарымында біреу ұйқымнан жұлқып оятып, қолымнан сүйреген күйі өлі егеуқұйрықтар толы тас қараңғы орға әкеп, итеріп кеп жіберді. Шығуға тырмысқан сайын, өлекселерді одан бетер бетіме үйіп- төгіп жатыр. Зәрем зәр түбіне кетіп, тамағым жыртылғанша айғайласам да, ешкім естір емес. Кенет, егеуқұйрықты шелектеп тасып жатқанның жүзін көріп қалып, зар еңіреп кеп жібердім.
-Құралай! Құралай, құтқаршы!
Алайда, ол ағып кеткендей аппақ көздерімен төмен тесіле қарап тұрды да, кері бұрылып кете барды. Ал егеуқұйрықтар үйілген үстіне, үйіле беруде.
Селк етіп оянып кеттім де, ауыр- ауыр дем ала, қалтырап жатқан қолыммен кеудемді қыстым. Тілім күрмеліп жатып, Аятуль Курсиді оқудамын. Түс, түс, түс. Жай ғана түс екен ғой.
Оң- солыма алма кезек жалтақтай қарап, қинала жұтындым. Сағатқа қарасам, жеті боп қалыпты, апыл- ғұпыл дәрет алып, киіндім де, намазға тұрдым, - ойымнан манағы көрген түсім шығар емес. "Аъузәбилляһті" оқып, оң жаққа үш рет түкірдім де, әрі жалғастырып, сәлем берген соң, аяқтадым. Тамағым түм Сахараны кезіп шыққандай құрғап кетіпті деймін, ас бөлмеге барғасын, бақандай үш шыны суды сіміріп кеп жібердім. Шөлім әсте қана қоймады, алайда енді кішкене ішсем, ішім жарылып кетері анық. Кенет артымнан аяқ дыбысын естігесін, жалт бұрылып ем, ұйқылы- ояу тұрған Құралай екен. Ол да стақанды алып, су ішті. Осы уақыт бойы менің телміріп тұрғаныма:
-Не болды? Әруақ көргендей болдың ғой, - деді.
-Жоға. Әншейін...- дедім де, бөлмеден шығып кеттім.
Исламда түстің үш түрі бар делінеді: Құдайдан, шайтаннан және адамның өз қиялынан болатын түс. Мен әулиелердің болатынын білсем де, мүгедектерді аяққа тұрғызып жіберетін емшілер, жын шығаратындар, сәуегей, сиқыршы, көріпкелдері көрмегендіктен, ондайлардың бар екендігі жайлы көп ойламауға тырысатынмын. Кейде көп білмегенің өзіңе жақсы. Ұмытқаның.
Жалпы адам баласы ұмытшақ жаратылыс. Не үшін жаратылғандарын, кімді сүйгендерін, неліктен сүйгендерін, тіпті,мақсат- мүддесін де оп- оңай ғапылдық етеді. Күніне өтейтін бес уақыт намаздың да артында құлшылықтан бөлек осындай хикмет жатыр. Пенденің әлсіздігі сондай, сол бір намаз бен екіншісінің арасында-ақ ұлы мақсатын естен шығарып үлгереді екен.
Соңғы кездері адамзаттың күллі жаратылыстан айырмашылығы, сана, туралы ойлар жиі мазалап жүр. Психологиялық ауытқу, депрессияның себептері, қайғы һәм тағы басқалары. Мінез тума дариды ма, әлде өмірде көргеніңнің нәтижесі ме? Мимен жақсы көреміз бе, жүрекпен бе? Неліктен адам баласы жасаған қателігін тез ұмытып қалады? Сұрақ көп,- жауабын іздеуге тым ерінемін. Нағыз сорлылық осы болар.
Ұлжан апалар бұрын ауылда көрші болған Сәрсенбай деген кісінің қонақ асына келіпті, ал ертең кешке, құрбысының ұлы үйленсе керек, сонда бармақшы. Өмірдің ирониясына бір жағынан күлкім келсе, бір жағынан бойым шіміркенді. Қонақ асына Құралайды ертіп бармайтыны белгілі, сондықтан түсте шай ішіп отырғанда, анам бір жаққа қыдыртып келуімді өтінді. Бірақ, дардай қызға біреудің қыдыртқаны не керек, онсыз да қаланы білетін болар.
- Әй, екеуің кішкентайларыңда бірге өстіңдер ғой. Азаннан кешке дейін құр телефонға телміре бергенше, отырып, әңгіме- дүкен құрмаймысыңдар,- деді Ұлжан апа әбед үстінде. Бұл кісі жасөспірімдік кезеңнің адамды өзінің ортасына қамап қоятынынан хабарсыз- ау деймін. Әлде туысқандық арақатынас шынымен қазір қалып бара жатыр ма?
Мен үй иесі ретінде, бірінші қадам жасау керектігін түсінсем де, не айтарымды білмей, анама көзімнің қиығымен қарадым. Ол маған ымдап, бірнәрсе жеткізуге барын салуда. Алайда, бойда сенімділік болмаса, түсінгеннен не пайда?
- Аниме көріп отырсың ба? - дедім мен, түстен кейін, оның қонақ бөлмеде жалғыз отырғанын көріп.
-Мхм, - деп, басын изеді де қойды. Кітап туралы сұраған Дамира есіме түсті де, өзімді бір ұрғым келді.
- Киноға барғың келеді ме? Немесе үйдегі үлкен теледидармен-ақ көрсек болады, - дедім мен өзіме ыңғайлысын да ұмытпай айтып.
- Сыртқа шыққым кеп тұрған жоқ, үйде қала берейік, - деді ол басын көтеріп. Мен қуанып кетсем де, білдіртпеуге тырыстым: ұқсастығымыз бар екен.
- Мақұл, онда мен жеп отыратын бірнәрсе әкелейін, ал сен фильм таңдай бер,- деп едім:
- Не карағың келеді? - деп іле сұрады.
- Маған, шынымды айтсам, бәрібір. Сен не көріп отырсаң, соны-ақ қарай берейік.
Ас үйге барып, сыр мен шұжық турадым да, нанның үстіне қойып, қысқа толқынды пешке салып жібердім. Сосын жерқоймаға түсіп компотты шығарып, екі стақанға құйдым да, бөлмеге апарып қойдым.
Құралай "Дауыстың пішіні" деген анимені таңдағасын, келесі екі сағат соны үнсіз көрумен өтті. Аниме құлағы естімейтін мылқау қыз бен оның мектептегі кемсітушісі жайлы болды, Құралайды қайдам, өзіме кино өте ұнады: түрлі- түсті әрі мен ойлағаннан қызығырақ боп шықты. Ал Құралай фильм бойы бедірейген жүзбен тапжылмай отырды да, тек соңына таман кішкене көзін сүртті.
Фильмде бәрінен бұрын мылқау қыздың сіңлісіне жаным ашыды. Байғұс қыз кіп- кішкентай бола тұра, барын салып әпкесінің өмірге қызығушылығын қайтаруға тырысып бақты. Соңында шарасыздықтан жылап кеп жібергенде, мен де көз жасымды ұстай алмай қалдым. Өзің ғана қиналсаң мейлі ғой, жақыныңның азап шеккенін көргеннен артық қайғы бар ма?
Есіме қайтадан өмір сүруге себеп таппай, қыршыннан жанын қиғандар түсті де, өзімнің өмір сүру шкалама қарадым. Менде ислам болатындай не бітірдім мен?
Өмірден әбден шаршасаң да, кез келген сынаққа төзуге болар, бәлкім. Алайда, өзіңнен шаршағанда, тіпті, шаттықтың да дәмі қалмайды.
Бала кезімнен ашушаң әрі қырсық болатынмын, жақындарыммен ренжісіп, сөзге келіп қалуда ешкімге дес бермейтінмін. Әсіресе, өтпелі шағымда бәрінен бұрын анама қиын болды: бар мінезімді көтерген жалғыз жан сол. Тек...
Мені ешкімнің түсінбейтініне ызам келіп, долданумен болдым: мынау дұрыс емес, анау андай. Кейін Рахман исламға әкелгенде, мені ұғынатын адам іздеуді доғардым: ондай пенде болмайды екен. Әрине, әлсіздіктің қармағында тұрғанда, әлі де жан- жағымдағылардан түсіністік іздеп қоюым мүмкін, бірақ әлсіздік дегеннің өзі сол емес пе?
Ең өкініштісі, осы уақытқа дейін өмірді айыптап келіп, ақыры ақиқатпен жүзбе- жүз кездескенде, осы уақытқа дейін өзімнен өзге кінәлінің болмағанын ұқтым. Ирониясы сол, ислам дәл қирау алдында тұрғанда өміріме келді де, бәрін ақтап берді. Себеп, мақсат- мүдде, арман пайда болғанымен, ашу мен ренішке көп жұмсалып қойса керек, ішкі куш- қуат сарпылыпты.
Әр көтерілген дауыс, ауыздан шығып, жүрекке тиген жебе сөз, бұрыс жасалған қадам, бәрі- бәрі өз орнын тапқанда, өткенің азулы жауыңа айналады екен. Жүрек те қара тасқа айналып үлгерген, ой да балшықта батып жатыр. Ендіде жақсылыққа қанша ұмтылсаң да, іштей соққан лүпіл жоқ, көңілде таза ниет жоқ. Бәрі түзелер, бәрі оңалар деген үмітпен таң атып, күн батады, алайда, күткен жарық іштей жоқ. Көп ұзамай, жасаған амалың мен өзгеруге деген талпыныс эгоистік механизмге айналады да, ақыреттегі қара қамың үшін ғана әрекет ететін біреуге айналасың. Тек, үміт әсте өлмейді, солай ма? Сондықтан күнде таңға тұрасың,- жүректе жауап жоқ, оразаға ниет етесің, ал ол сонда да үндемейді. Дым жоқ. Ақыры, шаршайсың. Өзгеруге шамасы жоқ өзіңнен де, өзгертуге мұрша бермейтін фәниден де.
Бірде анам тұнжырайған түріме қарап, сөйлегені бар.
"Не жетпейді саған осы? Ас- ауқатың бар, киімің көк, жақсы жерде оқып жатырсың. Адамда шүкіршілік деген болу керек қой. Көше кезіп, барар жер, басар тау таппай жүргендер қаншама. Қашан көрсең, үнемі жабыраңқы, қабағыңды түйіп жүресің. Көңілің де тегі бір толмай қойды"-деді. Мен басымды салбыратқан күйі, үндемей отырдым. Бәлкім, көңілімде рабайым болғанда, қарсы сөйлеп, ренжітіп те алар ма едім. Мендей біреуге сол да сөз болыпты ма? Алайда, қажығаным сонша- тұшымды жауап қатуға шамам келмеді. Басымда алай-дүлей боп жатқан ойларды жеткізе алсамшы...
"Дұрыс айтасыз, мамау. Шүкіршілігі жоқ сорлымын, тіпті, қанша жақсылардың арасынан неліктен мен секілдіге осындай бақыт нәсіп еткенін де ұқпадым: бір пайызына да лайық емеспін. Мендей балаңыздың болғанына күйінсеңіз, оған да көнемін. Бірақ неге қайғырасың деп сұрамаңызшы. Онсыз да жоқ күш- қуатты бәрі жақсы секілді кейіп жасау үшін құртқым келмейді. Әлім жоқ"
Айтылмады. Айтылмайды да.
Кешкісін көңілімді аулауға тырысып, қолмен екі-үш кір жудым. Денең талса, ойлауға дәрмен қалмайды.
Артынан құптанды оқып болып, диктофонды қосқанда, сөйлейтін шама жоқ екендігін ұқтым. Минуттық үнсіздіктен кейін:
"Тіпті, диктофон да күнде бір сөздерді жазғаннан шаршаған болар. Дауыстың пішіні қандай болады екен, қызық...
" Қой аулауда" Егеуқұйрық айтқандай, - дедім де, сан мың рет оқыған бетті жатқа айтып шықтым.
"- Слабость внутри человека гниет, и гниль эта разрастается. Как гангрена. Я в себе это обнаружил еще подростком. Психовал страшно. Знаешь, что происходит с душой, когда что-то медленно, годами разлагается у тебя внутри - и
ты это все время чувствуешь? Тебе, пожалуй, этого не понять.У тебя с этим все в порядке... А между тем, это и есть Слабость. Все равно что генетическая болезнь. Сколько ни изучай ее в себе вылечиться невозможно. И сама она не проходит в одно прекрасное утро. Только
становится хуже и хуже с годами, и все...
-Слабость чего конкретно?
- А всего. Слабость морали. Слабость сознания. Слабость человека из самого факта его
существования..."
Жазба тоқтады.