3 страница8 августа 2023, 18:26

Үшінші бөлім

Оятқыштың дыбысынан көзімді тырнап аша, есімді сәл де болсын жинау үшін телефонды қолыма алып, біраз уақыт шұқылап жаттым. What's app, Telegram, Instagram және шексіздік. Әр әлеуметтік желіде парақшаңның болуы, белсенділігіңнің көрсеткіші емес, солай ма?
«Егер де сіз үйден шықпай отырып-ақ, айына 300k тапқыңыз келсе, менің тегін вебинарыма өтіңіз».
Неге осындай жарнамалар тегі сонша көп? Айнұр тәте де, көрші Сәкен аға да блогер, тіпті, кішкентай Ерболдың да YouTube-та каналы бар.Орамалдылар да трендтен қалар емес деген ой келді де, алайда бұл жайлы көп ойланбауға тырыстым.
Ал, бұндайға қызықпаса қайтпек керек? Айына 300k тапқың келмесе ше? Анам "Ел- жұрттан қалмай, біз де бизнес ашсақ қайтеді? " деп қояды ара-арасында, мұнысы тұрмыстан шаршағандық па, еліктегендік пе білмедім. Әрине, байлық кімге де болсын ұнары хақ, тек оны жөнді жұмсай алатындар болады һәм білместікте басын жоғалтатындар да болады. Ал, менің жағдайымда жоғалтатын бас жоқ, оның үстіне, мені еш өзгертпесіне де зор күмәнім бар. Бәлкім, адамдар байлыққа емес, ол мүмкін ететін әлемге құштар болар?
Керіліп-созылып жүріп, төсекті жинастырып, жуынып алған соң, ас бөлмеге бардым. Кейде өмірім өзіме тек бөлмем мен ас үйдің ортасында өтіп жатқандай көрінеді. Шкафтан кофені шығарып ап, ыстық су құйып, демдеп жатыр едім, - үйде сүт таусылып қалған екен. Бір жарым қасық шекер қосып, араластырдым да, тәттінің кесірінен таразыдағы онсыз да көңіл көншітпейтін сандардың, енді қалай одан бетер көбейік кеткенін елестеттім. Қалайша жай ғана сандар оп- оңай көңіл- күй лимитінің тас-талқанын шығара алады? Осыншама тізгінді жоғалтқаным ба? Жайдан- жай тұрып-ақ түсіп кеткен көңіл күймен, ащы кофені ұстап, орындыққа отырдым: енді осыны қалай да бітіру керек. Жоқ, неге бәрін тексеріп алмай жатып, демдеп кеттім екен?
Сағат он бірдің шамасы боп қалыпты: үйде ешкім жоқ. Тым тәттілігі дәмін ащы еткен кофені ұрттап отырып, қайтадан ойланып кеттім.
Адамдарды белсенді ететін не? Неліктен кейбіреулер қолдары сүйел-сүйел боп, қара нанын әрең тауып жүрсе, қалғандары тек камераға бөсіп- ақ қарнын тойдырады? Бірде университетте куратор «Кім неге қызығады?» деп сұрақ қойғаны бар. Бірі спортсмен екендігін айтты; келесісіне көлік ұнаса, басқасы тағам пісірумен айналысатынын айтты да, кезек маған келгенде, үнсіздік орнады. Мен иығымды қомдап, басымды шайқадым да қойдым.Егер сұрақ үш жыл бұрын қойылғанда, бәлкім, мен айтатын жауап таба алар ма едім, кім біледі?
Анам ән айтып, билеп, сурет салғаныма қарап, өнерге жақындығымды айта, қуаттандыруға тырысатын, тек, өзімнен соны байқай тұра, іліп алып кетуге ынтам болмады. Кейде ынтаның болмауының өзі сені құтқаруы мүмкін...
Әрине, неден құтқарғанын өсе келе бір-ақ ұқтым.
Сағатқа қайта көз жіберіп, үйді тазалауға кірістім: сабаққа әлі үш сағат бар. Шаңсорғыштың дыбысына қанша құлақ түргім келсе де, басымдағы ойлардың айғайын баса алар емеспін. Көз алдыма он бір жасар өзім елестеді: ескірген мектеп формасы, қолымда үлкен микрофон, жан-жағыма алақ- жұлақ қарап, бос сахнада тұрмын. Су-су болып терлеп кеткен алақанымнан қара микрофон сырғып кетер ме екен деген үреймен, уысымды тас қып қысып алғанмын. Маған алара қараған сыни көздерін көріп, бойымды жиіркенішті ұят биледі. Бұл аяныш болды ма, әлде жаратпағаны ма?
«Жарамайды мынау» деп жатқандарын құлағым шалып жатыр, ән сабағынан беретін ағай мен көмекшісі бастарын шайқап, қабақ шытып, өз араларында бір нәрсені қызу талқылауда. Ал, менің аузымнан әйтеуір бір сөздер төгеліп жатыр, бірақ мағыналарын түсініп болар емеспін.
-Айтсаңшы. Даусыңды шығар. Даусыңды шығар деймін,- деп айғайлаған ағай қолын сермеп-сермеп жіберді. Мен іштей барымды салып тырыссам да, тамағыма үлкен қара тас тұрып қалғандай, қаншалықты қаттырақ айғайласам, ол соншалықты ұлғаюда. Аяғымның солқылдап тұрғанын білдіртпейін деп, қайта- қайта тіктеп қоямын, бірақ көмегі шамалы. Құлағым шыңылдаған күйі, жүректің тарс- тарс ете соққан лүпілінен өзге еш нәрсені ести алар емеспін. Ал, жүрегім ұясын жоғалтқан құстай, шыр-пыр етіп, біресе құлағымның түбінде соқса, біресе табаныма түскендей, делдал сезім кештім. Ақыры, ағай қолын сілтегесін, сахнадан түсіп, сыныпқа жүгіре жөнелдім, байғұс құсым аузымнан ытқып шығып кетердей. Тек мұнда мен мүлдем жыламадым. Концерт болатын күнге дейін анама сахнаға мені шығармауын айтшы деп жалбарынумен болсам да, ол құлақ асқысы келмеді. Тамағым ауырып қалғандай сылтаураттым, ыстығым да расымен көтерілді, тағысын- тағы, алайда бүкіл әлем маған қарсы жиылғандай, ешкімнің сөзімді елегісі келмейтінін ойлап, әбден қайғыға түсіп ем.
Легенге су құйып әкеп, ортаңғы тамның еденін жууға кірісе кеттім. Алайда шүберекті қанша қатты сықсам да, еден шылқылдай берді. Неге құрғамай қойды? Ызаға булыққан күйі істі жылдам -жылдам аяқтап, демімді басып, біраз қимылсыз отырдым. Иегімнен үзіліп түскен тер болды ма, жас па ажыратудан қалғандай, меңзең күйім, мұрнымды қайта-қайта тартып, терең дем алдым да, отырдым. Сірә, құсым ұясын әлі таппады-ау...
Қанша ауыр жараласа да, өмірлік сабақ болған сәттерге шүкіршілік айттым. Өлімнің алдында бар қызығушылық та, дәулет- байлық та талақ болары сөзсіз, алайда ең бірінші не тастап кететінін білесің бе? Өмірдің өзі.
Ал, өмір деген не?..
Телефонымды алып уақытты көрсем, жарты сағаттан соң жинала бастау қажет екен. Намазды оқып алдым да, киімімді ауыстырып, шапшаң- шапшаң аялдамаға қарай жүргірдім. Мұрынға тақағанша созып жүріп, соңында ақ тер, көк тер боп асыққаным қалай болды өзі? Бес минуттан соң, жиырма үшінші автобус та келіп жетті. Бос орынды көріп, бір үф дедім де, дереу жайғаса кеттім. Екі- үш аялдама жүргеннен кейін, арттан орта жастағы әпке ілгері жылжып, мен отырған жердің темірінен ұстады. Үстінде жеңіл, гүлді қара көйлек, қолына шамамен екі килограммдай долана салынған целлофан ұстап алыпты. Көлік кенеттен тоқтап қалғаны мұң екен, гүлді көйлектегі әпке алға құлай кетті. Мен де жалма- жан ұмтылып, білегінен ұстап қалдым. Ол кісі басын алғыс ретінде изей, жүзін көтеріп қалып еді, көздеріміз түйісе кетті. Әпкенің дереу көздеріе тайдыра әкеткенін көріп, түк түсінбестен сұстиып тұрып қап едім, артынан себебін ұқтым да, кері бұрылып, маскамды жоғарырақ көтердім. Мұрныма таныс өлексенің иісі келді...

Бүгін Қазақстанның қазіргі заман тарихы мен араб тілінен практикум бар етін. Біріншісіне енді болмағанда, кешігіп қала жаздап кірдім де, артқы жаққа барып отырдым. Сол баяғыдай, алаш, кеңес және тағы алаш. Шынымды айтсам, елдегі саясат, әлемдегі хәл-ахуал толғандыратын  шақтан тым алыс кеттім- ау деймін. Құрып жатқан экожүйе, әлеуметтік жауапкершілік,, жәшікке қисық тасталған қоқыс пен қақпағындағы үйілген темегі қалдықтары үшін долданатын кез де артта қалды. Болмысқа тән сұм қасиет, эгоизм мен немқұрайлвқты, оятқалы, көп жайт өзгерді. Ендіде тіпті аспан төңкеріліп жатса да, мен елең ете қоймаспын, сірә.
Мұғалім "Оян, қазақтан" үзінді оқып, патриотизмді барынша дәріптеуге тырысып жатыр. Тыңдап қана қойып, терең үңілмеуге тырыстым. Себебі бір нәрсенің жолында  күреспек үшін шексіз сенім мен қайтпас қайрат керек. Ал мен, өзімді білем ғой, айналамдағы жайттардан оңай әсерленетін біреумін, сондықтан адамзаттан біржолата күдер үзу үшін маған қатігездік немесе әділетсізліктің мысқалдай жұрнағын байқаудың өзі жеткілікті. Өз- өзімді уайым тұтып жүргенде, енді қоғам үшін қайғырғаным жетпей тұр еді.
- Ұлы жұтты шетелдік тарихшылардың арасында геноцид ретінде бағалайтындар баршылық. Ең ішті күйдіретіні, қазақтардың өздері соны түсінбеуінде, себебі халықтың қырық пайызы малдай қырылып қалған алапат зұлматқа геноцидтен өзге түсініктеме бере алмаймын, - деді бұйра шашты сары жігіт орнынан түрегеліп. Бар ынта-шынтасымен сөйлеп жатқаны, мойнына жүгірген қаны мен  ісінген тамырларынан-ақ көрініп тұр. Расында, дұрыс айтады.
Сөмкемнен Муракамидің "Қой аулау" кітабын шығарып, оқи бастадым. Алғашқы елу минут аяқталған соң, үзілісте жаныма параллель группада оқитын қыз жақындады. Қателеспесем, есімі Дамира болуы керек. Шашы үнемі үлбіреп ұшып жүретін, сабақты да жақсы оқитын, әйтеуір бірінші сұранып сабақ айтатынын жіңішке даусынан танитынбыз. Мен кітапты шетке итеріп, басымды көтердім.
- Қалайсың? Не оқып отырсың?
- Муракамиді, - дедім мен қысқа қайырып. Дамира бірнәрсе сезіп қойды ма, қайдам, сасып қалды да, күлімсіреп:
- Әә. Қызық, осыдан бір ай бұрын байқағанымда да бетбелгі сол жерде тұр еді,-деді кітапқа меңзеп, - әлі де жылжымапты. Жұрт мазаламасын деп, әшейін бетін ашып қоясың ба сен де? - деп аузын қолымен жауып күлді.
- Мүмкін, мүмкін - дедім мен де күлімсірей. - Өзіңе Муракамидің қай кітабы ұнайды?
-"Норвег орманын" ғана оқығанмын, ең танымалы сол ғой. Алайда,талғамға талас жоқ демекші, онша ұната қоймадым. Тым көңілсіз, сұр сияқты ма, қалай?
- Иә, оның рас. Талғамға байланысты болар.

Сабақ аяқталғасын, үйге жаяу қайттым. Дамираның сөздері қайта- қайта есіме түсе бергесін, кітапты алып, бетбелгі тұрған бетті қарадым. Расымен, ол мүлде жылжымаған екен, ал кітапты негізі былтыр оқып бітірген болатынмын. Парақтар да көп ашылғандықтан, әбден ескіріпті. Қалайша осыған дейін мән бермегенмін?
Үйге жеткенде баспалдақта бейтаныс аяқ киімдердің тұрғанын көрдім.
- Мен келдім, - деп бірден бөлмеме беттедім. Есікті жауып үлгермей жатып, Ербол жүгіріп келді де, қолындағы шоколадын көрсетіп, ыржия күлді.
- Үйге Ұлжан апа келді ғой. Құралайды да ертіп келді. Мама сені тамаққа шақырып жатыр,- деді ол, саусағын жалап.
- Мақұл, қазір барамын,- дедім де, киімімді ауыстырып, бөлмеден шықтым.
- Жадыра, қызым, қалайсың?- Ұлжан апа мені көре сала, құшақтай алып, маңдайымнан сүйді.
- Амансыз ба, апау? - дедім мен қыса құшақтап.

- Сәлем, Құралай.

3 страница8 августа 2023, 18:26