Екінші бөлім
"Сәлем, бүгін ақпанның 14, 2021 жыл. Таңертең тағы да нәпсіме жеңіліп қалдым...
Шаршадым. Шын сөзім, әлсіздігімнен сондай шаршадым..."
Мөлдір жас телефон экранына құлауымен саусақтың әлі жетпегенді орындап, қызыл батырмаға тамды да, жазба тоқтады.
Күніне көңіл-күйге қанша рет ауысуға болады? Меніңше, лимит керек секілді, мәселен, күніне он рет. Басқаларды қайдам, алайда маған бұл жетіп артылар еді. Негізі мен білетін екі күй ғана бар: "шүкір" һәм "шүкір жақсы". Егер бұл екеуі күніне ең көп дегенде он рет ауысса, бәлкім, мен қазір қай күйде екенімді ажырата алар ма едім?
Сейсенбіні "шүкірмен" аттап, сәрсенбіде мектепте бірге оқыған құрбым, Гүлнұрмен, кездесуге бардым. Он екіде "Zheka's -та" жолығамыз деп келіскенімізбен, жиырма минут өтсе де, ол әлі де қарасын көрсетер емес. Шынымды айтсам, менің де ешкіммен жүздесуге зауқым соғып тұрмаған еді, сондықтан қырқыншы минут жылжығанда, кафеге қарама- қарсы беттегі балалар саябағына өте, бос әткеншекке барып отырып, көкке ұзақ көз тастадым. Көкпеңбек аспандағы ұшақ артынан баяу ақ құйрық сызуда. Қолымды созып, саусағыммен тік жолағына тиіп кеп қалғанда, оның сол бетте ыдырап кеткенін елестеттім. Неліктен түзуді майыстырғанға жанымыз құмар екен осы?
Гүлнұрдан әлі де хабар болмағасын, жақын жердегі дүкеннен балмұздақ сатып алып, орныма қайтып келдім де, алдымда көліктерін жарыстырып отырған екі кішкентай баланың ойынын тамашалауға кірістім. Ақ кепке киген баланың көлігі жиектен шығып кетіп, құмға құлады да, екіншісінің ойыншығы мәреге, тасқа, алғаш болып жетті. Ақ кепкелі көлігін жерге лақтыра сап:
- Жоқ, нечестно. Менің машинам геттер шығып кетті ғой,- деп бұлқан- талқан болды. Екіншісі: - Өзіңсің кінәлі. Саған ешкім шығарып ал деген жоқ, - дей бергенде, ақ кепкелі бала тарпа бас салып, оны жығуға тырыса бастады. Көлеңкеде беймарал әңгімелесіп отырған екі келіншек мұны көре сала, бірден екеуіне ұмтыла жөнелді.
- Артынан бәрібір қайта ойнайсыңдар, төбелес- жыртыссыз жүрсеңдер осы болмайды ма? - деді қысқа шашты жас әйел. - Больше никаких тебе игрушек!
Қалтамдағы телефоным дызылдап қоя берді: Гүлнұр хабарласып жатыр екен. Қоңырауды көтерместен, дыбысын өшірдім де, такси ұстап үйге қайттым.
Бөлмеме жете сала, орамалымды шешіп, жуынатын бөлмеге бет алдым. Салқын сумен жүзімді шайып болған соң, сүртініп жатып, неліктен қоңырауға жауап бермедім деп ойландым.
-Қызым, шай ішеміз, - деген анамның даусы есіктің сыртынан естілді.
- Тоқпын, мамау,- дедім де, сүлгіні кірге тастап, бетімді қайта шайдым. Неге сүлгім үнемі ылғал тартып кете береді?
Ақиқатты ақыл ма ұғатын, жүрек пе? Ұғынуға лайық болу үшін бойыңда қандай қасиеттер болуы тиіс? Білмеймін. Бірде достарыммен исламды талқылап жатып, менің қисыны болсын, болмасын, қардай боратып жатқан сұрақтарыма бір сыныптасым дінде сұрақ қойылмайды деп айтқан болатын(мұның Құдайдың әміріне бойұсынушылық туралы болғанын мен кейін ұқтым, әрине) . Сол сәтте бұл бар сауалдарға ұтымды жауаптай сезілгендіктен, қанағаттанған күйі үйге тартып, мұны әкеме айтқанымда,
- Дұрыс емес, қызым. Керісінше, сұрақ қоя отырып, ой сарасынан өткізу қажет. Сұрақ қоймаған адам көр соқыр күйде кім не десе, соған ере береді. Сондықтан талайлар қате ағымның жетегінде кетті, - деп жауап қатты. Мен шатасқан үстіне, шатаса түстім.
Екі ақиқат бірін- бірі терістемейді. Фараби айтпақшы, ақиқатқа түрлі перспективадан қарауға болады. Мұны мен кейін ұқтым, тек, ақылмен бе, жүрекпен бе белгісіз. Бәлкім, ақыл мен жүректің де ақиқаты бірін- бірі жоққа шығармайтын болар. Тіпті, екеуінің ақиқаты бір болса да. Білмеймін.
Киімдерімді орнына қойып жатып, сөмкемнен Гүлнұрға бермекші болған кітапты шығарып, сөреге қойдым. Неге қоңырауын көтермедім?
Гүлнұр намаз оқитынымды алғаш көргенде, тым ұзақ оқығаныма меңзеп, "Бесінге екінтіні қосып оқыдың ба?" деп сұрап еді. Ал, қазір сол уақыттың жартысында парызымды орындап болатынымды ойласам, іштей өзімді кінәлаймын. Шынымен уақыт өте тезірек оқуға машықтандым ба, әлде ықыластың қайтқаны ма?
Бірде видео көріп отырып, жаман сөз айтқанымды құлағы шалған құрбымның:
"-Ал, намазхандарға боғауыз сөз айтуға болады ма?"- деп сұрағаны бар еді.
Жағымсыз сәттер түрлі мақсатпен өмірімізде орын алуы мүмкін, кейде, тіпті, қажет. Тек, неліктен олар есіңе еріксіз түскен сайын жағымсыз сезім де қолтықтаса жүреді екен?
Сөреге қойған кітапты қайта алып, кездейсоқ бетін аштым. Осыдан бес жыл бұрын жүрегімді қозғаған сөздер жазылған бет тап болып, көзіме шоқтай көрінді.
"Өлім аузында жатқанда бұрынғыша дұға етейін деп ұсынғанымда, ол қолын тартып алды да:" Аллаһым, Ұлы Досымды қалаймын", - деді".
Жаз аяқталуға таяп қалған кез еді. Креслода отырып, кітапқа үңіліп кеткенім сонша, бөлмеге кіріп келген анамды да байқамаппын. Кітапты оқып келе жатып, осы жолдарға жеткенде, іркіліп қалдым. Бұл сезім бір сәтте орын алмады, бәлки, бұған кездеспес бұрын көрген- білгенім, оқып- тыңдағаным да әжептәуір рөл ойнаған болар. Алайда, ақыл мен жүректің ақиқатының тоғысқан сәті осы болды-ау шамасы. Тамағыма өксік тіреліп, көзімнен жас парлап қоя берді. Алабұртқан көңілмен, махаббаттың шыңын ұққандай сезім кештім. Сірә, Махаббатқа ғашық болған тұсым да осы болар.
Жаратқанды сүйіп үйрену үшін елшісін сүю қажет деген сөзде неткен ғибрат жатыр десеңші.
Кездейсоқтықтың мүлде болмайтындығын ұмыт қалдырыппын. Міне, мен, бөлме ортасында кітапты құшақтап отырып, бес жылға кері саяхаттадым. Ғашық болудан сұлу не бар екенін білесің бе? Қайта ғашық болу.
Тебіреністен босай алмай, біраз отырып қалғанымды, хабарлама келгенде, уақытқа қарап барып қана байқадым.
"Кешірші, қолым тимей қойды. Келесі жолы міндетті түрде кездесейік".
Отправлено: 23:55
От: Гүлнұр
Жағымсыз сәттерден қашып құтылу мүмкін емес, тап солай, кездейсоқтық та дәлелденбес гипотеза. Бәлкім, Гүлнұрдың ақиқаты қазір менікімен тоғыспай тұрған болар, ал, менікі оның ақиқатын терістемдейді де.
"Бұйыртса басқа күні берермін кітапты"
Отправлено:00:01
От: Жадыра
(бұйыртса...)