Бірінші бөлім
"Егер құлым Маған жүріп келсе, Мен оған жүгіріп келемін"
Мұздай су тамшылары сау жерімді тінтігендей, құр сүлдеге толқындай соғылып, баяу төмен құлап жатыр. Денемдегі діріл суықтың әсері емес, тамшының тербелісі екен деймін. Судың астында көбірек тұрған сайын, өкпенің ауа сыйымдылығы кішірейе түскендей, қаншалықты терең дем алсам, соншалықты тұншығудамын.
Еріксіз есіме екінші сыныптың жазғы демалысы түсіп кетті. Мектепте көп балалы, отбасылық жағдайы төмен оқушыларға тегін тамақ беру, облыстық мерейтойларға қатыстыру секілді жеңілдіктер жасалатын. Үйде төрт бала болғасын, оқу жылы аяқталғанда, қажетті құжаттарды жинап жүріп, екі апталық демалыс лагеріне жолдамаға ие болдым. Қала сыртында орналасқан лагерьде әр күнге түрлі программалар ұйымдастырылып, демалыс қатаң тәртіппен өтетін. Сағат тоғызда таңғы ас ішіп, артынша аула жинастыратынбыз. Тәрбиеші түскі асқа дейінгі екі сағаттық уақытта тоғайдан әрі барып, ұп- ұзын текпішектен төмен түскенде бір-ақ жететін бассейнге апарушы еді. Сонда жүзіп білмесем де, суға түскенді жаным сүйетін. Бір жолы кешкілік концерттен кейін бір сағат шамасында бос уақыт берілді. Лагерьде түрлі тәтті тағам, чипстер сататын шағын дүкен бар- тын. Әдетте, бос уақытты пайдаланып, барлығы сонда қалағанын сатып алуға жөнеле кететін. Сол күні де түм балалар қыстырылыса кезекке келіп тұрып жатты. Еш нәрсе алуға ниет болмаса да, мен де сондағылардың қатарында едім. Кенеттен байқамай бір қыздың аяқ киімін басып қалғаным мұң екен, шәркейі үзіліп кеп жібергені бар ма. Мен қара торы әрі ілмиген арық болатынмын, оның үстіне орыс тілін білмейтіндіктен, ешкімнің менімен сөйлескісі де келмейтін. Өздері қазақ бола тұра. Бәлкім содан болар, шәркейі жыртылып қалған тоқаштай қыз маған айғайлай бастағанда, ешкім мені жақтап та әуре болмады. (Басымнан шәркейі шынымен мен басып кеткеннен жыртылып қалды ма екен деген ой шығар емес). Жаңа аяқ киім әперуге ақшамның жоқ екендігін аңғарғандықтан ба , әлде жалғыздықтан ба, белгісіз, қорғансыз қалған баладай жерге отыра кетіп, еңіреп кеп жібердім. Артынан бір бұйра шашты қыз келіп, мені жұбатқаны есімде. Алайда жақсылыққа қарағанда жамандық көбірек есте қалады емес пе? Бәрі, ақырында, супер желім сатып алып беруіммен аяқталды. Немесе, керісінше, басталды десем...
Сол күннен бастап тоқаш қыз құрбыларымен маған жиі соқтығысып қалуды шығарды, әсіресе, бассейнде. Қырыққа жуық бала бірдей түсетін болғандықтан, алғашында тіпті байқамаған да болармын. Дегенмен, бірде суда жүріп, аяғымнан біреудің тартқанын анық сездім. Басында онша мән бере қоймағаныммен, барған сайын үдеп кеткендіктен, батып кетпеудің амалын жасап, қолыммен суды шалпылдатып, бақырайған күйі жан- жағыма жалтақтай қарағанымда, артымда тоқаш қыздың мысқылдай күле қарап тұрғанын көрдім. Қызығы, санамда оның кекеткен мысқылына қарағанда , артынан расында мені уайымдағандай жылмысқы жанашырылық кейіппен хәлімді сұрағаны жатталып қалыпты. Сондағы бала көңіл бұның кемсіту болғанын білмепті де, білмей тұра, естелікті қалайша зақыммен айшықтағанына таңым бар.
Кемсітуші әдетте өз әрекетін нашар дүние ретінде көрмейді, тіпті, көп жағдайда өзін кінәлі деп санамайды да. Сөзіме сен, өз басымнан өткен...
Ары қарай ойға беріліп кетпеу үшін, судан кештетпей шығуды ұйғардым. Енді тек тезірек ұйықтап кетсем екен. Жалпы, өмірлік циклім осындай: сәл ойға шоми бастасам, бірден басқа нәрсемен өзімді алдандыруға тырысамын. Естелік - қашу, естелік -қашу. Қайта - қайта. Алайда, босқын жанның ақырғы шекарасы оның тәні емес пе? Үш күнде қабірге де үйренесің дегендей, санамның сыртқатына етім әбден үйреніп кеткен. Әлде етіме санамның көндіккені ме? Қалай екенін қайдам, әйтеуір тамшының тербелісін бойыма сіңіріп алғаным сонша, діріл денеге еніп кеткендей, енді жүректі тербеп жатыр екен деймін. Жылдам киімімді ауыстырып бола сала, қараңғыда төсекті еш қиналмастан тауып, көрпенің астына көміле кеттім. "Ықылас", "Таң сәрі" , "Адамзат" және түнек.
Әлем төңкеріліп кетсе де, дүйсенбілер үнемі дүйсенбі боп қала беретін шығар осы. Сондықтан, дүйсенбінің нағыз жаны күйерлерінің бірі ретінде жаугершілікпен жиналып, университетке сүйретілдім. Автобустың іші лық толы, еш нәрсеге сүйенбей- ақ, құламай тұрмын. Басқаша болуы мүмкін де емес, құламақ түгіл, табан сыятын қуыстай жер жоқ. Осындай сәттерде жерде 8 миллиард адам бар екендігін бар жан- тәніммен сезініп кетемін.
Көлікте, жолдан өтіп бара жатқанда үнемі көз алдыма түрлі болуы ықтимал апаттарды елестететінмін. Кенеттен келетін сұм өлімнің айласын болдырмауға тырысқаным болар, бәлкім, қайтар уағымды жіберіп алғым келмейтін.
Өлім жайлы ой әрекетке итермелеуі тиіс: біреулер батылдыққа ие болса, басқасы қорқынышпен амал етеді. Санаулы сағаттар қалды деп, өмірдің дәмінен еміп қалғысы кеп біреу парашютпен биіктен секіріп жатса, екіншісі 40 жыл бермеген садақасын төгеді. Жан алқымына келгенде ғана тыпыршитын пенденің табиғаты емес пе?
Сарғая солып, өліміңді күн санап күтуден өткен азап жоқ шығар, сірә. Ажал төсегіне байланғандар да басқалар секілді жақындарының өз өліміне қалай қайғырарын елестетеді ме екен? Жоқ, күнделікті көз алдыңда болып жатқанды елестетіп те әуре болмассың бұл тұста.
Оқудан шаршағандардың шаршататын лекциясын тыңдап, үйілген тапсырма мен уайымды арқалап кері қайттым. Күнтізбедегі датаны сызатын қаламның сиясы күн сайын қоюлана түсетіндей, ұшы бір тигенде түгелдей аптаны қараға бояйды. Әлде тек солай көрінеді ме?
Түскі асқа тәбет мүлдем болмағандықтан, кофе дайындап іштім де, бөлмеме кеттім. Үйдің іші әдеттегідей тым - тырыс. Мейрамда анама әріптестері сыйлаған қабырға сағатының тілі дамылсыз жылжуда, тыныштықта тіпті жұтынғаның да жаңғырады екен.
Бесінді оқып алған соң, төсекте ұзақ телмірген күйі қатып қалдым. Басымды өлім туралы ойлар қайтадан тұмшалай бастады. Сілкіп қалсам, айналам қорқынышты қиялдың бесігіне айналатындай.
Өміріңді өз қолыңмен қию батылдық па яки қорқыныш па? Шынымды айтсам, мүлдем хабарым жоқ, алайда бұл шешімге не итермелейтінін нақты білемін. Біздің қоғамда суицид темасы табу болып табылатындықтан болар, тіпті, ойлағаныңа өзіңді кінәлі сезінесің. Бір сәтке тірі қалуға жан ұшыра себеп іздеп, сол күйі таппай кеткендерді ойлап, жүрегім сыздап қоя берді. Тағы да төсек жамылғысы су болды. Үрейден дірілдеген еріндерім жыбырлай, шүкірлігін айтып жатыр. Себебі өлімнен қорықпайтын пенде болмайды, қорқудан талған уақта ғапылдыққа ұшырайтындар ғана болады. Естеліктер санама үрлеп кеп жібергенде, өлім қайтадан сүйкімдірек көрінді.
Кенет есік сығырая ашылып, шетінен Ерболдың басы көрінді.
- Қарным ашты, әпкеу,- деді ол бұртиып. Мен дереу есімді жинап, күлімсіредім.
- Түрінен сол. Қарны ашып қалыпты ғой ботақанның. Жүр, шай жасап берейін, -деп жетектеп, ас бөлмесіне апардым. - Қолыңды жуып келе ғой, мен тамақ дайындап қояйын. Тоңазытқыштан күрішті шығарып, қазанға ысытып жатқанда, жарты шәйнек шай да қайнап үлгерді.
- Әпке, үйге көп үй жұмысын берді ғой. Кешке математикадан көмектесші, - деді ол шайнап жатқан күрішінің жартысын үстелге түсіріп. Мен басымды изедім де, оның түсіп қалған түйіршіктерді қайта теріп жеп отырғанына қарап, сүйсініп кеттім: анамның еңбегі еш кетпепті. Ыдысты жуып бітпей жатып, Ерболдың апыр- топыр добын құшақтап сыртқа жүгіріп бара жатқанын көрдім.
-Ұзап кетпе! Естіді ме өзі?
Кешкісін сабаққа отырып, үш сағатқа таман интернет пен кітаптан бас алмай, үй жұмысын орындадым. Тапсырманы сонша жаудыра сап, мұғалімдер жас кезінің қарымын қайтаруды мүдде тұтады ма осы? Ниеті ең түзу дейтін студенттің өзі жұмыс көп болғанда , салғырттыққа салынады ғой.
Орындықта бүкірейіп отырғандықтан, құрысып қалған арқамды жазып, керіліп алдым да, тастай буылған шашымды босаттым. Басыма мың шеге қағып, оған он сегіз жастың бар уайымын іліп қойғандай шашымның түбі қатты ауырып кетті. Жайлап уқалап, сөренің жанындағы айнаға қарадым.
"Жаратылысымды қандай көркем етсең, мінезімді де сондай көркем етші".
Жаттанды дұғаны оқи сала, аузымнан үзіліп шыққан сөздерді ауада көргендей болдым.
"Жаратылыс, жаратылыс, жаратылыс".
Ішің шіріп жатса, сыртына да иісі жайылмайды ма? Қалайша жаратылыс сұлу саналмақ? Шкафтан сүлгіні шығарып, айнаны бүркедім де, жайнамазды жерге төсей сала, қиямға тұрдым. "Субхану" дей бергенім сол еді, мұрныма өлексенің исі бұрқ етті.