18 страница6 ноября 2017, 16:32

ҚАРАШЫҒЫН

ҚАРАШЫҒЫН

1

Жас шалғыны мол, кең қоныс — Барлыбайда отырған Абай аулы. Мұнда бүгін үлкен әбігер бар. Ақ үйлер мен отаулар, қонақ үй, ұраңқайлар арасында асығып басып жүгіргендер көп. Көрпе-жастық, асжаулық, тегене, тостаған, самауырлар тасыған жас әйелдер, еркектер қарбаласады. Таза көйлек, камзол киіп, көкбараздаған кимешек-шаршы тартқан келіншектер мен үкілі бөріктері бар қыздардың ажарында мереке күн белгісі сезіледі. Әлденеге қуанып, шулап жүгіріскен үлкенді-кішілі балалар да таза киімдер киіскен. Оларды оқудан да босатқан күн сияқты.

Ауыл сыртындағы көгалға апарып, қағып-соғып тазалаған кілем, түскиіз, алаша, текемет, жаңа сырмақтар көрінеді. Бұлар Абай үйлерінің айналасын оюлап, кестелеп, ерекше әшекейлеп тұр. Күміс қарғылы сыландаған екі сары тазы да үйлер арасында қарғып ойнап, әсем көрініс береді. Шашақты құлақтары жалбырап, ұзын құйрықтары шиыршықталып жүр. Олар секірсе де, ортқып ойнап алысса да, сыпайы сұлулықты байқатады. Еркелі шапшаңдықпен ұстарадай өткір қуатты да танытқандай. Барлық жинақы сәнді бітімімен еріксіз көз тартады.

Ауыл сыртында, үйлер арасында ат үстінен үн беріп әбігерленіп, жорта жөнеліп жүрген жас жігіттер жиі кездеседі. Ауыл үстіндегі әбігер, құнан-тайлы балалардың тоқтаусыз дабыстап, айқайлап, шапқылап жүрген қозғалыстарынан, әсіресе, анық танылғандай. Олардың желу-жортулары, кейде ауылдың тазыларын, жас күшіктерін де еліктіріп, бірге шапқызып ойнатады.

Осындай қозғалыстан туған қызумен қатты дабырлаған адам үндері кермеде тұрған аттарды да еліктіреді. Ерттеулі жарау аттар байсалды тұрғанымен, үлкен үйге тақау байланған қара жал, қара құйрық, құрым сары ат көптен тықыршып, тыныштық ала алмай тұр. Қасынан тазы иттер жүгіріп өтсе, балалар шапқылап кетсе немесе қыз-келіншек пен жігіттер әзілдесіп, қатты күлісіп, дабырласып сөйлесіп өтсе де семіз сары ат кермені сүзе жөнеліп, ары-бері бұландап елегізіп қояды.

Ауыл сыртында, көк бетегелі ұзынша төбешіктің басында Абай бір топ көршілерімен, Шыңғыс жаққа көптен көз салып отыр. Кейде ауылға да бұрылып қарасады. Ондағы киіз қаққан, үйлерді жасап жүрген, жерошақ басында самауырларды түтіндетіп қайнатқан, көп қазандар асқызып жүрген таза киімді әйелдерге, күтуші жігіттерге де бейілді жүзбен қарайды. Әдеттегі ауыл тәртібін бұзып, үй қасына қатты жүріп келген аттыларға, үйлер арасынан, қотан ортасынан шапқылап өтіп жүрген балаларға бүгін Абай кінә қоймайды. Қасында отырған үлкендер де әдеттен тыс әбігерін түсінеді де, кешіріммен қарайды.

Бүгінгі Абай аулындағы үлкен әбігер мен қарбаластың жөні бөлек. Бұнда тартыс-таластың жиыны болмақ емес. Бөтен, бөгде, жат-жалаң келмек емес. Мазасыз, жайсыз кеткен ауылдың тәрізі жоқ. Бірақ күйеу келтіретін, келін түсіретін, қыз ұзататын дағдылы той әбігері де емес. Абай мен оның барлық үй іштері, әсіресе, іні-шәкірт, достары үшін ең бір қадірлі әбігер. Бұның себепшісі — Әбіш. Екі жылдан бері елге қайтпай, осы бүгін, енді ғана «туған аулына келеді» деп, ата-ана, аға-бауыр ерекше тосып отырған Әбіш.

Оны тосушылар тек ауылда ғана емес. Ат үсті әбігер ауылдан алыста. Шыңғыстан Барлыбайға қарай асатын Бөкенші асуының маңынада созылып барған. Ересек азаматтар, бозбалалар ауылдан алыста, асуға тақап барып, таңертеңнен бері сонда тосып жүр. Ол кеткендер Көкбай, Ақылбай бастаған — Кәкітай, Дәрмен, Мұқа, Әлмағамбет сияқты жастар. Оспан аулының жігіт-желеңі де бірге кеткен.

Оспанның өзінен туған бала болмаса да, бұның кенже інісі есебінде, Құнанбайдың қолында өскен Ақылбайдың екі баласын Оспан асырап алған еді. Олар үлкен үйде, Еркежанның қолында өсетін — Әубәкір және Пәкизат. Оспанның ерке етіп өсірген бұл екі баласы өзге балалар жүрмейтін жерлерге еркін бара беретін. Бүгін Пәкизат «Әбіш ағамның алдынан шығамын» деп, қасына бір топ өзінен үлкен қыздарды ертіп алған.

Төбе басында аттан түсіп отырған Ақылбай, Мұқалар құмалақ та салады. Кесек, сұлу жүзді, ақ сұр жігіт — әнші Мұқа қазір «көріпкел» балгер пішінмен, жаңа ғана салған құмалағын шапшаң жинап жатыр.

- Енді қайта салып қажамау керек. Жолаушыға салғанда, бұл құмалақғы «шығып қара» деп айтады. «Ат тұмсығы тірелді» деген осы. Қоржыны тоқ, көңілі орнында, есіктен төрге шүйішігі! Бол, атқа қоныңдар! Мен білсем, қазір Бөкеншінің сонау асуына Әбіштер шығып қалды. Ал атқа қон!— деп сілкініп, көңілденіп түрегелді.

Сабырсызданған балалар «келіп қалды!» деген сөзге шынымен иланып, құнан, бестілеріне жүгірісіп, асығып мініп, «қайда, қайда! ?» десіп, қарбаласып жүр.

Құмалақ атаулының бірде-бір жол, дәл осы жерде анық айтқаны келіп. Атына жаңа мінген Дәрмен асу жаққа көз салып:

— Жаным-ау, мына Мұқаның ақмартуы бар ғой, жарандар-ау! Әне келіп қалды Әбіштер!— деді де, тебініп ілгері баса берді.

Шынында, осы кезде Бөкенші асуының жотасынан бері қарай шапшаң құлдилап келе жатқан қалың шоғыр көрінді. Арбалы жүргіншілерді қатарласа қоршап келе жатқан төрт-бес салт атты да бар. Шамасы, тай шаптырымдай жер еді. Тосушылар енді бет-бетімен аттың басын қоя берісті. Шұбартқан аттылар тобы аласа шалғыны бар, әдемі жасыл төбелер мен сызатты сайлар бойында андыздап, бір жерлерде шашырап, кей жерлерде үйіліп, сығылысып, қалың нөпір-топыр жасап, жарысып барады. Олар енді біразда, ең соңғы кезеңге шыққанда, жолаушылар арбасы ойға қарай күлдіреп құлай берді. Үш құланы жеккен жаңа күйме ылдиға қарай ағындап жонелгенде, қасындағы салт аттылары кейіндеп қалды.

Жүргіншілер ойға, жазаң жерге келіп түскенде, бағанадан бұларға көрініп, өздеріне қарай асығып, тырағайлап шауып келе жатқан аттылардың алдыңғы екеу-үшеуі үйме-жүйме қатар жетті. Омырауларын тер басқан, демігіп, танауратқан сәйгүліктерді зорға тоқтатқан ауыл кісілері күймеге соқтыға жаздап, дабырлап сәлем берісті. Қуаныштың айқай-шуын, шат күлкісін Әбіштің алдынан ала шықты.

Бұрын жеткен Кәкітай, Дәрмен және Оспанның бір ұл, бір қызы — Әубәкір, Пәкізат. Алдарынан бұлар орала бергенде, күймеде отырған Әбіш: «Тарт! Тоқтат аттың басын!» деді. Қатты жортып келе жатқан күйме тоқтағанша, өзі ерекше шапшаң жас әскери дағдысымен кйүмеден жеңіл ытқып, қосаяқтап секіріп те түсті. Козлода отырған Баймағамбет те аттарды тежей берді.

Іні-бауырлар көздерінде қуаныш жасы бар. Жарқыраған күлкі мен жас аралас шыққан үзік-үзік сөздер естілді.

— Ағатай!

— Әбіш аға!

— Айналайын, Әбіш аға!— деген шашудай шат, ақаусыз таза бауырмал сөздерді естігенде, Әбіппің өңі аппақ боп, жүрегі қалтырап кетті. Атынан домалай түсіп, құшағын аша жүгірген Кәкітай Әбішпен қатты құшақтасып, сүйісіп тұр. Бұған Әбіш ауру сияқты көрініп еді. Бауырмал жүрегі зу етті. «Ауру болмаса,

бұншалық шөлмектей аппақ боп жүдер ме еді?» дегендей күдік оянған.

«Әбдірахман көп уақыт елге келмеді. Қаладан ауру алып қала ма!» деген күдік уайымды, бұл азамат туралы үлкен аға, кәрі шешелер күдігін Кәкітай көп еститін. Жаңағы үріккен қалпын ол жасырған жоқ. Әбіштің құшағынан босай бере:

— Әбіш аға, деніңіз сау ма? Аман-сау жеттіңіз бе? Түсіңіз неге жүдеу?— деп еді. Әбіш Әубәкір мен Пәкизаттың бетінен кезек сүйіп жатып, Кәкітайға жалт қарап жіберді. Жаңағы аппақ сұр жүзіне қазірде жұқалаң қызыл жарастық қан ойнап шығыпты.

— Денім сау, Кәкітай!— деп, ауыл-аймақтың, әкесінің амандығын сұрап кетті.

Осы кезде созыла шапқылаған тосушылардың барлығы ағызып кеп, үйме-жүйме аттарынан түсе, жүгірісіп жатыр. Әбішті бәрі де аймалап, орталарына алды. Кәкітай қазір күйменің ішінде бұған қарап күліп, екі қолын жайып, тосып отырған Мағашқа қарай үмылған.

Мағаш Кәкітайға әзілдеп:

— Қуанғанда сенің мұрның, тіпті, мүлде пұштай болып кетеді-ау! Түрің қалай жаман еді. Салиқа да жоқты менсіне береді екен-ау!—деп, сылқылдап күліп қойды.

— Пұшық болсаң бол! Тек Мағаштай көсе қыла көрмесін деп жүр ғой Салиқа,— деп, Кәкітай Мағашпен көрісер-көріспестен әзілдесіп, қағысып қалды.

Әбішпен бірге күймеге Пәкизат отырды. Кәкітайды Мағаш та қастарынан жібермеді. Сонымен қуанысып табысқан күйме толы бауырлар көп салт аттылардың қоршауында, енді Абай аулына қарай құйықтыра жөнелген.

Доғадағы жез қоңырау қатты шылдырайды. Дүпке жеккен нар құла аттың басын шұлғып тастап, екпіндеген ағынын қостап, тынымсыз шыңғырлайды. Шаңсыз жазықта бетеге, тарлау арасында жіңішке созылған тастақ жолдың үстінде жақсы күйме күлдірлей түсіп, шапшаң ағындайды. Әбіш Кәкітай мен Мағашқа кезек-кезек қарап, екі інісінің аймаласқан татулығын тамашалайды. Олар біресе әзіл қатысып, бірде сөзсіз-ақ сағынысқан күйде көз алмай күлімдесіп, қуанышпен қарасады.

Кәкітай Әбішті сағынғандай, Мағашты да қатты жоқтап, сағынған сияқты. Мағаш қалаға кеткелі де көп болған. «Әбіштің алдынан шығамын» деп, бір жарым айдан бері Семей қаласында тосқан. Мағаш Әбішпен сөйлескенде Кәкітайды ерекше достықпен сүйетінін айтушы еді.

Әбіш енді Кәкітайдан ауылдардың қонысын сұрастырып келе жатты.

Барлыбайда Абай аулы бар екен. Бұдан өзге Ырғызбайдың көп ауылдары ілгері жайлауларға көшіп кетіпті. Мыгаау ауыл осы жолаушылардың келуін тосып, іркіліп қалыпты.

Шымы түтас жазықта дүрілдетіп шапқан көп аттылар барлық ағындаған тобымен Барлыбай өзенінің жағасындағы Абай аулына келіп те қалды.

Қазір бұл ауылдың үстінде бұрынғы әбігер біткен де, енді қалың жиын Абай мен Әйгетімнің үлкен үйінің сыртында, үнсіз қадалып тосып тұр екен. Абай жиынның тап ортасында тұр. Үстінде ұзын, ақ сарғыш қытайы жібек бешпеті бар. Жазғы жеңіл киім бұл күнде толған денесін аса айқын көрсетіп тұр. Күрең барқыт желетке мен ақ көйлек, кең бешпет өзінше бір келісті көрнек, жарастық бергендей. Самай, мандай шаштары кейіндеп, бурыл тартқан Абайдың бұл күндегі үлкен, кесек жүзі ойлы, келбетті адамның жүзіндей ашыла түскен. Кең, жазық мандайында әжім аз. Жіңішке ұзын қастары әлі де қап-қара. Бетінде де әжім тіпті аз ғана. Селдірлеу боп жайыла біткен сақалы ұзара түскен, соңғы жылдар білінген бурыл талдар бар.

Абайдың айналасы қазір, көбінше, әйелдерге толы. Дәл қасында екі көзі жасаурап, әні ақ сұрланып Әйгерім тұр. Кәп келіндер, жұмысшы, сауыншы, жылқышы, биешілер сияқты жұпыны жүзді көрші-қолаң да көп. Үлкендерден қартаң шал көршілер болмаса, басқа бәгде адам аз. Жүргіншілер дәл ауылға тақай бергенде, салт аттының бәрін Дөрмен дабыстап тоқтатқан-ды.

- Әбіштің күймесін алға шығарыңдар! Алдымен Әбіш жетсін! Ауылдың тосқаны сол ғой, біздер емес. Және ауылға атшабар, стражниктер тәрізденіп, қоқандап бармайық! Іркіле жүріңдер!— деп бұйырған.

Баймағамбет ауылдың іргесіне жеткенше нар құла атты басын ірікпестен, сар желдіріп әкелді. Күйме тоқтамастан, Абай бастаған жиын қарсы алдынан өздеріне қарай қозғалғанда, Әбіш тағы да тоқтап болмаған күймеден ытқып, секіріп түсіп, әкесіне қарай құшағын жайып, асыға жүгірді.

Абай да мол құшағын кең жайып, Әбішті бауырына алды. Соншалық қатты қысып, құшып тұрып, құлағынан, бетінен, көзінен сүйіп, ұзақ уақытқа шейін өз бауырынан босатпады. Әке мен бала екеуінде осындай сағынышты құшақтанбасқа бір ауыз сөз болған жоқ. Әбішті көп уақыт жүрегіне басып тұрып босатқанда Абайдың қара сұр жүзі аппақ сұр боп, өзгеше оңып өзгерендей.

Айнала дүниені біраз уақыт аңғара алмай, есеңгіреп қалған жайы бар.

Әбіш бұл кезде бала халінде болатын. Ақ гимнастеркаға жезді түйме таққан Әбіштің юнкер формасындағы погондары, қазіргі сәтте кезек-кезек құшақтаған аналар, жеңгелер, кемпір-шал көршілер арасында еміс-еміс көрінеді. Кокардасы бар картузын Әбіш бұл уақытта қолына алған. Сұйықтау қызыл қоңыр шашы жылтырай, жабыса таралған екен. Ертерек қасқа бола бастаған кен, биік мандайы ашық көрінеді. Әбіштің бойы сұнғақ. Көрнекті, қырлы мұрны байқалады. Жұқа ерін, қызғылт жүзді, сәнді киінген жас жігіт өзгеше сұлу көрінеді.

Көп қауышу, жылап амандасу арасында шешелер мен жеңгелерінің тілеулестігі айтылады. Балажан көрші кемпір-шалдардың, Әбішке айтып жатқан үзік-үзік мейір, шапқат сөздері естіледі.

— Жаным, есен жеттің бе?

— Сәулем, ұзағынан сүйіндірсін!?

— Кәп сағындырдың ғой, қуатым!

— Айналайын, күнім!..

— Ата-ананды ұзағынан сүйіндірсін сапарың!

— Сапарың құтты болсын, қарағым!

— Қош келіпсің, Әбішжан!— деген, сан тілеулес жүректерден шыққан ыстық сөздер Әбіш үйге кіргенше барлық жиын атаулының тұла бойын шымырлатқандай.

Қонақтар үйге кіріп отырысымен, Абай Әбіштің жүзіне үңілді.

— Неге жүдеусің Әбіш, денің сау ма?

— Қаланың оқуы жақсы болғанымен, тамағында нәр бар ма?! Сорып тастағандай, шөлмектей болыпсың ғой?— деп, Көкбай Әбіш өңінің ақшылдығы үшін бүкіл қала тамағын кінәлауға айналды.

Тағы бір кезде Абай Әбіштің оқу жайын сұрастырып еді.

Петербургтегі Михайлов атындағы артиллерия училищесі Әбіппің айтуынша, оның тандап түскен мектебі емес екен. Ол өзілдеп отырып, Абайдың өз сөзін келтірді:

«Баламды медресеге «біл» деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім»

дегеніңіз есімде, аға! Ниетім, өзіңіз білесіз, политехникалық интститут еді. Былтыр да, арғы жылы да оған түсу ге менің жолым тар болды. Мынау школдың енді біраз оқуы қалды. Өзге оқуды осыны тамам етіп алып, ескермекпін,— деген.

Абай әзірге сөзді ұзаққа созған жоқ:

— Ғылымның жаманы жоқ. Біздей сусағанға қай ғылым болса да, соңына түссе, алтын асыл қазынадай. Азаматтық құралынды мығым етіп берерлік оқу, тәрбие болса, ата-ана одан өзге қолқа салмайды, қарағым! Халқына басшы болар талап соңына түссең, офицер боп жүріп жетесің бе, инженер болып, адвокат оқуын оқып жетесің бе, бәрібір! Қай тұрғысына барсаң да еліңнің мұңы мен мұқтажы мың батпан. Тек, оқып өсе беруінде, саушылық қуатың ғана жетсе екен деп тілеймін!— деді.

Әбдірахманды тағы да күшақтап, бір қолымен бауырына қысып, ұзақ ұстап отырды.

Үй толы адам жиылып, ас әзірленді. Әр тұста әр алуан сөз шығып жатты. Абай енді бір орайда өзінің жаңа досы Павловты еске алды. Онымен Абай Семейде танысқан екен. Павлов бұл жаққа Тобольск абақтысынан шыққан соң жер аударылып келген екен. Абай оны өз аулына қонаққа шақырып, осы жолы Мағашқа ертіп ала кел деп тапсырған еді.

Қазір Абайдың ендігі сұрағаны өзінің сол досы Павлов туралы болды.

— Федор Иванович неге келмеді, Әбіш? Не бөгеді? Сенімен бірге келемін деп қатты уәде қып еді ғой.

— Оныңыз рас, бірге жүрмек болып, сонша тырысып еді, рұқсат ала алмады.

— Губернатордан сұранды ма?

— Губернатор арызын полицмейстрге жіберіші де, соның өз еркінше шешуіне тапсырыпты. Ал онысы рұқсат бермеді. Айдаудағы адам жайлауға барып қымыз ішпесе де болады десе керек.

Абай Павловтың келе алмағанына көп күйзеліп қалды.

— Бәрекелді-ай! Аса қадірлейтін қымбат адамым еді, денсаулығыда нашар. Сенімен бірге жақсылап тынықса деп ем. Өзімен дұрыстап таныстың ба?

— Таныстым. Көп кездесіп жүрдім. Бірнеше рет ұзақ-ұзақ та әңгімелестік. Бар жайды сонша кең, терең түсінетін аса біл-гір адам екен. Революционердің ардақты тобынан болғандай. Сізге де соншалық дос екен. Өзіңізді, еңбегіңізді сан қазақтан артық түсініп бағалайтын жан ба деп ойладым,— деп Әбіш

ауылға Павловты ертіп келе алмағанына бірталай өкініш білдірді.

Осы кеште жиі ауысып отырған шай шіу, қымыз шіу, ет жеу араларында үй толы жиын әдемі бір сауық өнер көрсетісті.

Сахара тіршілігінде ақын, әнші, ойыншы, күлдіргі адамлар көп кездеседі. Абай аулының өзі болса, бұнда неше сырлы сымбат, өнер үлгілері бар. Бірақ бүгін бұл ауылдың барша адамдарын анық тамаша қалдырған жаңа өнер кәріңді. Ендігі сауықтың әрбір түрін тың қонақ бастады.

Барлыбай жазығында жайлаудың жарық айлы, желсіз тынық түнінде, Абай мен Әйгерімнің үлкен үйінде, аса нәзік шеберлікпен сызылып созылған скрипка күйі кетті.

Бүгінгі отырыста үй іші сауыққа ауысқан сайын сол скрипка шектерінен өзгеше бір саздар тамылжыды. Әбіш жақсы скрипкашы екен.

Ол кей уақыттар орыстың сұлу назды романстарын тартады. қауымға тың болғанмен, барлық орыс жұртына мәлім «Стенька Разин», «Ермак», «Бродяга» сияқты әндерін де тартады. Ойнақы, мөлдір қызық ырғағы бар, қайнағандай жігері жұлқынып тұрған өте әсем ырғақты би күйлерін ойнайды. Кезектесіп мазурка, полька-мазурканы жайнатады. Бір ауық құтыртып, асқақтата тасқындаған музыкамен «Гопакка» соғады.

Әбіш әр өнер, әр мінездермен, отырыс-тұрыс, киім қал-пымен Абайдың жас достарының барлығын таңғалдырды. Олар қызығып таңырқайды. Оқу тәрбие мен шаһар тәртібі бұлардан әрбір қимыл-қозғалыстарын, пішін-мүсін, қалып-қабілетін мүлде басқа еткен Әбіш мынау. Осылардың кейбірі туған ана құрсағынан туса да, мүлде басқаша боп, сыпайы бекзада үлгіде қалыптанған Әбішке көп таңырқап қарасады. Өздерінің ағасы, бауыры, ыстық досы, жандай жақын қадірлісі болған Әбіштің, бұлардан сондайлық ала бөтен өзгешеліктеріне кейде кешіріммен, кейде қызығу, мақтанумен, шексіз қошемет, құрметпен де қарасады.

Сан рет скрипканы өзі таргып өткеннен кейін, бір кезде Әбіш өз скрипкасын Мұқаға ұсынды.

Мұқа Абай аулына бұл жастарға жолдас, дос болып, бертінде кеп қосылған. Ол — осы елдің адамы да емес. Көршілес Көкен болысындағы Уақтың Қандар дейтін руынан шыққан. Елінде өзінің құмар болған бір қызын ала алмай жүргенде, Мағаштың мөслихатымен Көкеннен алып қашып, осы Абай қолына келген де, басында тұрып қапған. Қалада кездесіп жүретін сыпайы мінезді, өнерлі күйші-скрипкашы және әсем әнші Мұқаны Абай мен Мағаш екеуі де қатты ұнатқан. Дәрмен, Әлмағамбет, Ерболдар сияқты өздерінің қасында сақтап, айрылмас дос етіп алған.

Ұзақ түн бойында ас пен сауық кезектесіп, ауысып отырған кездерде, әрбір әредікте домбырашы Ақылбай, күйші Мұқа, әнші-күйші Әлмағамбеттер қонақ тартып өткен полька-мазурка сияқты билердің кейбір қайырмаларын өздерінің домбырасына ақырындатып, іліп-тартып, ұғып қалып отырғандарын да байқатып отырды. Сол орайда, Әбіш ұсынған скрипканы алған Мұқа өзінше бір сезімді күй тартып кетті.

Саусақтары үлкен, тартыс мәнері Әбіштей емес. Бұл отырып, байсалды салмақпен, тек қол қозғалысымен ғана тартады. Әбіш байқап отыр. Мұқада скрипканың тартуын әлдебір провинция күйшісінен үйренген, аз оқыған тәсілдер бар. Үлкен техникасы болмаса да, барынша шын сезімін ынтабейілмен жеткізбек болған сирек талап танылады. Күйі анық мұңды, күйікті жүректің шын шері. Осы күйін екі қайырып тоқтағанда, Әбіш жалт бұрылып, бұл күй не күй екендігін сұрады.

Мұқа өзіне сенімді жүзбен жуап қатты:

— Бұл күйді біз «томнай места» деп тартамыз.

— Темное место?

—Темное место?!—деп, Әбіш бұрын өзі естімеген күй жайынан сәл ойланып қалды.

— Бұл вальс қой өзі,— деп тағы біраз ойланды да:— атына қарағанда, бір сезікті орыннан естілген күй сияқты ғой!— деп, Мұқаның жүзіне күле қарады. — Қайдан үйренгенсің?!

Мағаш пен Кәкітай қоса күліп жіберіп, қысылғандай боп, біріне-бірі сыбыр етті. Мағаш үй ішіне естіртіңкіреп:

— Танып отыр! Қай жерден ұққанынды да біліп қойды, Мұқа! Өзің есебін тауып шынынды айт!— деді.

Бұл сырды білмейтін Абайдан жастар қысылып отыр. Мұқа оншалық именбеген сияқты.

— Мұны ар жақта, қонақшыл әйел үйінде естп ем. Фзгеше жүдеу жүзді, аса бір жазықсыз сыпайы жас қыздың жылап отырып айтқанынан ұғып қалып едім. Кім шығарғанын білмеймін. Тіпті, сол сорлы қыздың соншалық жат жайға түскен өз қайғы, зарынан туған жыр ма деп те ойлап қалып едім!— деді.

Үй ішіндегі өзгеадамдар күй жайып қайталап сөз қылған жоқ. Жастар Абайдан именіп отыр. Абай соны түсініп, әзіл етті:

— Жаманшылықтан жақсылық туа бермесе де, кейбір жаман жүрістен де жақсы олжа алып шығуға болады екен-ау! Соны

сездіріп отырсың ғой, Мұқа! Бірақ барған сайын ала береді екемін десең ғана алданарсың! Бізді де және үнемі алдай бере алмассың!— деді.

Мұқаның өзі бастап, барлық жастар үндемей қабақ танысып, ақырын именіп қана күлісті.

Алыс жолдан келген өнерлі, оқымысты қонақпен сағынысқан аға, бауыр, құрбы-құрдас, дос-жарандар ең алғаш осылай кездесті.

Кешегі мол сауықтың қалың тобы бүгін екіге бөлінетін болды. Биенің бас сауымы кезінде Абай үйінде қымыз ішіп отырып, жастар өзара кім жүріп, кім қалатынын айтысты.

Алдымен жүретін Әбіш. Өткен қыста қайтыс болған үлкен ана Ұлжанның орнына құран оқымақшы. Сол ауылдағы өз шешесі Ділдәға да амандаспақшы. Әбіштің қасына Мағаш, Дәрмен, Кәкітай, Өлмағамбет еретін болды.

Әбіштер тысқа шыққанда ұзын кермеде көп ат ерттеулі тұр екен. Әлмағамбет ең алдымен кішілік етіп, Әбіштің атын көлденең тартты.

Кеше қонақтар келерде кермеде ерттеусіз тұрған қара жал, қара құйрық ақ сары ат бүгін әсем ерттеліпті. Күміс жүген, құйысқан, тартпа, таралғы, үзенгіге дейін тегіс кавказдалған, қара ала нақысқа толы. Жұқа көкшіл шұғамен қапталған тоқымның тебінгісі қызғылт сафьян. Сырлаған ердің үстінде көкшіл барқыт ат көрпе. Осындай әбзелінің бәрі де қылаң атқа айқындай қонып, жақсы жарасып тұр. Ақ сары ат дом болып, ішін тартқан, сартап боп жақсы жараған.

Қазір Әбіш мініп алған жерде аз ойнақшып, бұлаң қаққан қамыс құлақ ұзын сары ат, нағыз бозбаланың аты екенін аңғартты.

Әбішті аттандыра шыққан жастардың қасында Әйгерім де тұр еді. Сары ат сәл ортқи түсіп, ауыздығын шайнап, жер тартып, ыгыса қырындайды. Бұның әр қимылына Әбіш қызыға қарағандай. Ақ жүзіне қан жүгіріп, күле түсіп, қарсы әрекет етеді. Әйгерім болса, аттың мінезін асаулық көріп, қауіп ойлады.

— Қалқам-ай, мынау атыңның мінезі қалай өзі?.. Сақ болшы!— деді.

Өңі де ду етіп, қысыла күлімсірейді. Бұл уақытта өзге жігіттер де аттарына мінген еді. Әбіш кіші шешесіне бас иіп, сыпайы қарады.

— Жоқ, кіші апа! Асау емес, сәні ғой!

Аздан соң ауылдан шыға бергенде, сары ат топ алдына түсіп, ойқастап, қайта-қайта жер сүзіп. көбінше кытпымен бұлкектеп

отырды. Жолаушылар Әбіштің аты аяндамайтын болған соң, бұлкекке ауысты. Әбіш әлі де алда, оқшауырақ келе жатқан. Көптен атқа мінбеген және сырттың салқын бел, өзен, бұлақ, көк орай жайлауын сағынған жігіт қазір өзінің оңашалығын ұнатады. Бұның ел мен жерді көксеген көңілі сонша сергек, шат, еліккіш. Жас шалғыны майысып толқыған қоңыр желі леп берген соны жайлау, сондайлық бапта тұр.

Әуеде жалғыз түйір тозаң жоқ. Дүние жуылып ашылғандай, мөлдір тұнжырайды. Жақындағы үсақ жасыл төбелердің қалың бітік бетегесі жел ығына қарай жапырыла толқиды. Шағырмақ күн астында сол бетеге бозғыл буалдыр, сырт береді... Мындаған үсақ инедей жылт-жылт етеді. Төбелер беті бұндайда күміс үшқын төгілткендей күнге шағылысып, көз үялтады. Алыста, жігіттердің бет алдында үш-тәрт бөлек кәгілдер жоталар жатыр. Ол — Шақпақ, қазбала, Байқошкзр жондары. Жұқалаң ғана ақшыл көк мұнар жамылып тұр... Сайларда сол мұнар қалындау үялаған. Өлке бояуынан бөлек, аспан ренді сырлы қойын тез тартады. Өзінің лебімен сорғандай, қазіргі жүргіншілердің де мақсүт еткен өрісі сонда. Аз уақытта бұлардың сол жақтырынан сандық тасты, оқшау-оқшау көп қатар төбелі — Керегетас ілесті.

Бергі жазықтағы қалың көкмайса шұғыл барып, қорым тастарға ауысады. Одан жоғарыда ұзын-ұзын сандықтастар қат-қабаттап биіктеген. Көп жерде сол тастар арасында аласа арша көгереді, ол тас бауырына жабыса өскен. Бұйра аршасы қалындаған тас төбенің кейбірі жүндес адыр тәрізденеді. Бұл өңірде кейда ақтандақ, доңғалақ мүйіз арқар жон беріп, жүйткіп тартады. Кейде қорым тастар арасында ұзынша қызыл түлкі көрініп қалады. Шұбалаң құйрық сақ сайқал бейне бір қызыл кесірткедей боп ирелендеп жүреді. Кейде тас-тастың үстінде созыла жабысады. Тышқан аулап, шұқынып, кейбір арша түбін тырналайды. Бір сәт қызғылт сары аш бүркіт осы тастарға қарай бездіріп қоян қуады. Қанат-құйрығы суылдап, аспаннан тәгілген ажалды баққан сақ түлкі ортқып тасқа тығылады. Бір кезек жалт етіп, жасырынып, қылт етіп қайта баспалайды.

Әбіш бинокльмен қарап, алыстағы айлакер тағының әрекегіне қызығып тамашалайды. Шалғынды бір беткейде, самарқау жел сусылдап есе түскенде, мұрын жарғандай боп, жас бүлдірген иісі аңқиды. Жасыл жұмыр өлке, сағындырған самал алыстан келген ұлына құлпырып тұрып, қызық атады...

Ұлжан отыратын үлкен үйде бұл күнде Оспанның үлкен әйелі Еркежан барды. Ол ауыл жартылай көшіп, Шақпаққа қонған. Ділдәнің үйі де сонда. Әбіштер түс ауа осы ауылға кеп түсті.

Үлкен үйдің сыртына жастар жеткенде үй ішінде жоқтау айтып, жылаған аз әйелдің үні шықты. Әбіш те үйге жылап кірді. Ұлжандай ананы жоқтап отырған екі келіні - Ділдә мей Еркежан екен. Әбіш әуелі төмен отырған Еркежанмен көрісті. Содан кейін өз шешесіне жеткенде, Ділдә мұны құшақтап, бауырына ұзақ қысып, көп жылады. Әбіш те көз жасына ерік берді. Ұлы ана, қарт әжеден айрылғандық, оның орнының қаңырап қалғандығы — бір дерт. Ал Ділдәнің зарында Әбіштей сезімтал бала үшін өмірдің көп реніш, күйініші де танылады. Ол әділетсіз тірлікте үнемі жазықсыз жапа шеккен көрінеді. Ешкіммен бұл жайда сыр ашып сөйлеспесе де, Әбіш өзі туған анасы туралы Петербургта да, әр кезде қынжылып, ренжіп ойланатын.

Көп жылаған Ділдәға Дәрмен басу айтты.

— Жеңеше, сабыр етіңіз, Әбіштей баласы бар шеше де жылай ма екен? О неғылғаныңыз!— деді.

Азғантай сөзде Ділдәнің түпкі мұңын танып айтқан мән бар. Енді біразда, әйедердің жылауын баспақ болып, «Сүннатаны» мақамдап оқып кетті...

Жылау тыйылып, құран тұсында жайылған дастарқай жиналған соң Еркежан Әбішке қарап отырып, үлкен ананың өлімін, өлер шағындағы сөзін, мінездерін баяндады

Ұзын бойлы, кесек, сұлу жүзді Еркежан салқын сабырмен, байыпты етіп сөйлеп огыр. Әбіш турасында ол кісі айтқан сөздерді еске алды:

— Қалқам Әбіш, әжең сені де көп ойлады ғой, марқұм. Өзінен өрген өрен-жаранның ішінде жалғыз сенің шетте жүргеніңді қанша уайым етуші еді. «Басы ауырып, балтыры сыздаса серігі жоқ, бүтағынан үзілген мәуем еді, дегеніне жеткенін, пісіп толғанын әкесіндей-ақ аңсаушы ем!» деп, кәп күрсінетін. Осыны саған айту маған бір қарыз еді,— деп Әбішке ажарлы, ойлы көзін аударып, ұзақ қарап отырды.

Ділдө мен екеуі кезек әңгімелеп, Ұлжанның соңғы шағын түгел баяндады. Былтыр күз аяғында, ел қыстауға қонысымен қайтыс бопты. Соңғы жылдарда қатты қартайған жөне ұзақ аурулы болған Ұлжан ана, ел анасы көбінше ақырын, баяу, үнсіз өмір кешіпті.

Келін мен баланың, үй ішінің сәзіне араласпай, ұзақ тыныштық сақтапты. Әдейі келіп, қасына отырып халін сұраған

үлкендермен де өте аз сәйлесіпті Оқта-текте Абай мен Оспанға ғана біраз тіл қатады екен.

Әбіш өзі ананың бауырында өспесе де, бұны көргенде құшағына алып, ұзақ иіскеп отыратын қарт шапағатын, кең ыстық мейірімін үмытқан жоқ. Барлық шақтар көз алдында. Ұлжан үмытылмас жан екені енді аңғарылды. Ол отырған осы қара шаңырақ бүгінгі қаралы қалпында сол бір таза, ғазиз, бөлек жанды қатты ойлатады.

Мағаш кәрі әженің өлер алындағы бір кесек сөзін Әбішке енді айтты.

Ұлжан әл үстінде жатқанда, Майбасар көңілін сұрап отырып, өрескел сөйлепті:

— Қалайсың, бізді тастап еріңнің артынан сапар шеккелі жатырсың-ау! Көпті көрдің ғой, айта кетсеңші, өлген деген қандай болады екен?— депті.

Сонда Ұлжан сәл езу тартып, ақырын ғана әзіл айтыпты:

— Пәруәйсіз қайным-ау! Көрсем — қартайғанша ой түспеген сені көрдім. Бұрын мен өліп кәріппің бе? Әзің өлгенде көресің, несіне ынтықтың!— депті де, тіи-аузын қойыпты.

Өмір бойы ашық ойлы, білгір саналы болған асыл жан өлім сағатында да даңалық қайратынан айырылмаған. Барлық ықтиярсыз, теңсіз тірлігіне өзінің адамгершілік таза биігінен қарап өте білген. Өлімнен де жасқанбай, бұқпай кеткен тәрізді. Кең сабырға толы момын жан өмір есігін ақырын ғана жауып жол кешкендей.

Ділдә осы келісте Әбішті өз қасынан жібермей, екі күндей қонақ етті. Үшінші күні балалары аттарын ерттеп, әке қасына қайта кетпек болған жерде, Әбіштің қасына жабыса жақын отырып, шешесі ойдағы бір арманын айтты... Аналық арыз етті.

Бұл жайын Мағашқа алдын ала білдірген болу керек. Ол да шешесінің ендігі сөзін үлкен ықыласпен қуаттап, тыңдап отыр.

— Сәулем!—деп, Әбіштің жіңішке қолын өз қолына алды,— Кешегі өткен енеден менің де ұққан өсиетім бар-ды. Баяғыда, сендер жас шақта, Абай қалаға оқуға кетем дегенде: «Талабына тілек қос, тізгінін алмай, оң шырайыңмен ұзат. Білім іздеп барады. Адам болсам деп аттанып отыр. Ол сенің де, мына кішкентай күшіктеріңнің де ырысы» деген еді. Сенің ұзақ шырқап жүрген жүрісінді де солай ұғынғам. Әлі де жолың болсын,— деп көзіне жас алды. Орамалымен бетін де басты. Қимастық шерге толы сағынышты ана көңілі зорға шыдап жүргенін сездірді.

Бірақ...— деп жыламсыраған үні қатқылдай түсті.— Менің де сенен тілер бір тілегім болса, сенің бермесіңе бола ма? Мең сенен аналық өтініш етем. Сол қолқамды бересің бе?— деп, баласын иығынан құшақтай түсіп, жауап күтті.

Әбіш іркілген жоқ. Шешесі бұлай өтінгенге ол өзі де қатты толқыған-ды.

— Апа, айт! Беремін!— деп тез кесті.

— Ендеше, өзің ұзаққа кетсең де, мұнда сенің үяң болсын. Өз қолымда, қасымда болсын. Мен саған қалындық айттыр деп өтінем...—деді.

Әбіш тәрбиелі жастың ашық, шыншыл мінезі бойынша, бұл өтінішке таңғалғанын жасыра алмады.

— Ойбай-ау, не деді апам! Не деп отыр? Бұған мен не деймін?.. Мен еркім, ықтиярым өзімде, ер жеткен азамат емеспін бе!.. Әзім ойламаймын ба?— деп, Мағаштарға қарап еді.

Мағаш ақырын ғана жымиды да:

— Әбіш аға, оныңыз рас қой. Зорлау жоқ, апамдікі өтініш емес пе? Ал және осы отініштің мезгілі жеткен жоқ па еді?— деді.

Әбішке мына жауапты Мағаштан есіту, тіпті, тосын болды. Ол бірақ қарсылық, наразылық білдірмей не күлмей шарасыздықпен отырып қалды. Жаңа шешесіне берген серті де түсап отыр. Ділдә тағы сойледі:

— Зорлық жоқ, жаным! Бүгін үйленіп кет деп те айтпаймын. Жалғыз-ақ маған келінің, құдай қосса, мынау болады деп ұнатқан жанынды атап кет. Биыл айттырып қой да, жолыңа жүре бер. Соның бары да жұбаныш. Өзіңнен соңғы қуанышым, үмітім болады да отыра береді!— деді.

Әбіш әлі де байлау айта алмады. Бұлқынып, «керексіз» деп шоршыған да жоқ. Енді Ділдә соңғы сөзін де айтып қалды:

— Өзің көресің. Көңілің ұнатса ғана құп дерсің. Менің өздігімнен саған атайтын кісім де бар. Мынау ноғай Махмұттың үйінде, Мағрипа деген сондай асыл зат, жақсы бойжеткен бар. Соны бір көрші, сәулем! Көріп тұрып маған жауап айтшы. Мен сенен әзір басқа серт сұрамаймын. Осыныма уәде бересің бе?— деді.

Әбіш үялып, күрмеліп қалды. Бірақ сонда да қызара, қысыла отырып, шешесіне ақырын ғана бас изеді.

Ділдә Әбіштің бетінен сүйді де, Мағашқа қарады.

— Мағаш, Дәрмен екеуіңе де осы сөзім қарыз... Әбішіме Мағрипаны дәл осы екеуің көрсетесің! Жауабын екеуіңнен аламын!—деді.

Бұлар үндеген жоқ. Бірақ Әбіш екеуінің жүзіне қарап, олардың бар ынтасы бұл міндетке әзір екенін аңғарды Тек Әбіштің алдына түсіп, оның өзінен бұрын ықылас, бейіл білдіргілері келмеді. Әйтпесе, Ділдәнің ойындағы қызметке бұлар іркілер еместей...

Кейін атқа мініп, қайта жүргенде Мағаш пен Әлмағамбет бір бөлек оқшауырақ қалды да, Дәрмен мен Әбіш оңашалау кетті.

Дәрмен енді жаңағы Ділдә айтқан сөз, барлық үлкен аға, кіші іні — бәрінің де көкейінде жүрген іс екенін білдірді. Әбіш бұл тұста да сыр ашқан жоқ. Бірақ көңіліне неғылса да, үміт, қиял аралас дос көксегендей ыстық бір толқын кірді. Дәрменнің сөздерін қаққан жоқ. Ал епті мінезді және тілі орамды Дәрмен, қазір Мағрипа жайын айтып келеді. Жасы он жетіге келген, мұсылманша жақсы оқуы бар, аса биязы, асыл тәрбиелі Мағрипа бұның айтуынша, бұл өңірде жоқ сұлу, нәзік бойжеткен екен... Соны көру керек. Бұл арада еш нәрсеге байламаса да, Әбіш тек қана бір кәрсе, дидарласса екен... Одан арғының бәрін жүрек шешеді... Бөгде кісінің үгіті, тілегі керек болмас... деп, Дәрмен досіық мәслихат сөйлеп келеді.

Артта тақау келе жатқан Әлмағамбет әсем кең шырқап тұрып, ынтық-ынтызар сәлемін жырлайды. «Ғашық от», «Махаббат», «Асыл жар» деп шебер сәнмен безеп келеді.

Салқын самалы жайлы соққан көк жасыл жайлау дүниесі жүректі қуанта көтереді. Іштегі қиял ыстық үміттер, тілектер оятады... Әбіш үнсіз ғана жымияды. Өз ойынан өзі үялып, ұрланғандай. Жауапсыз, байлаусыз қобалжуда... Жүзі де бір ағара түсіп, біресе дуылдап қызарып кетеді.

2

Абай бір жағынан, Әбіштей баласының орысша кең, мол тәрбие алғанына қызыға қарайды. Оның білімді жігіт боп, қатарлы орыс оқымыстыларындай өсіп, қалыптанып қалғанына қуанады. Әбішті сәйлетіп, ұзақтындағысы келеді. Екіншіден, Россияның бар жаңа хабарына ынтығады. Қазіргі Петербург тұрмысынан, ғылымның, өнердің жаңа табысынан көп нәрселер сұрайды. Шойын жол, кемелер, үлкен оқу орындары туралы да білгісі келеді. Россияның зор қалаларының бірінен-бірі ерекше байлықтарын, өзгеше қасиеттерін сұрастырады. Фабрик, заводтар жайына да кызығады.

Кейде әке мен бала мәслихаты орыс халқының үлкен ақындары жазған кітаптарға да ауысады. Толстой, Салтыков Щедрин, Некрасовтар туралы да ой толғаулар айтысады.

Осымен қатар, Әбіштің байқауынша, кейде Абайды бір мазасыз ойлар алаң етіп толқып қандай болады. Ол үңсіз, жалғыздың мұңына кете беретін тәрізді.

Әбіштің ұғымынша, Абайдың өзі үшін керексіз және залалды, әсіресе, ақындық әнері үшін залалды бір әдеті бар.

Ол — осы елдің ішіндегі тынымсыз бұзар, атқамінер, партияқорлардың толып жатқан даушары туралы. Солардың кейбіреулеріне Абайдың ықтиярлы, ықшярсыз арадаса жүретіндііз турасында.

Елғе келгеннен бері қарай, Мағаш пен Кокітайлардан Әбіш көп нәрселер есітіп қанған-ды. Ел ішінде, Абай айналасында, осы ауылда жүрген аз ғана өнерпаз, жарыққұмар жастар болмаса, Абайға қарсы арналған өштік, араздық, қызғаныш, қастық атаулы соншалық мол екенін Әбдірахмен көп естіген.

Өзі әкесі үшін қатты қиналып, оңаша ұзақ ойланып жүруші еді. Бұл біле келсе, Абайға осы күнде Оразбай, Жиренше сияқты бай-жуандардан шыққан бәлеқорлар тегіс өш екен. Олар ғана емес, Ырғызбай ішінде аталаспын, туысқанмың дегең мықтылардан да өкпелі боп, жаулық істей бастағандар бар.

Әкесінің тірлігі уайыммен, мұңмен өткеніне Әбіштің өзі де қиналып жүреді. Бір күні Әбіштің қабағын түсінгендей боп, Абай аз ғана сырын ашты:

— Неше алуан жауыздық пен қиянат атаулы мені қатты қинайды-ау, қарағым Әбіш... Бірақ менің сыбағам осы болып кеткені ғой!— дей түсті де, бар жастарға қарап жаңа бір сөз тастады:

— Ал сендердің замандарың басқаша болар деп сеңемің. Мең ескінің арты боп, сендер жаңаның алды болсандар екен, тым құрыса!-деді.

Осы мәжіліс үстінде Әбдірахман бұрын қозғалып жүрген еңбеқ жайынан Абай бастаған барлық мәжіліске аса бір қызықты жаңалық әңгіме баян етті.

— Үлкен еңбекпен сол еңбеқтің елін, оңың тартысынан танымақ керек. Россиядан тағы да бұл орайда қандайлық қажырлы қайрат, үлгілі қасиеттер туып жатқанын көріп, тамаша етесіз. Аға!— деп, Әбіш Абайды, әсіресе, тың ойға салмақ боп, әкесіне арнай сөйледі. —Еңбек елі Россияда екі үлкен қалың той қой, біреуі — деревнядағы қрестьян, екіншісі — осы құні өсіп, молайған

фабрик-завод жұмыскерлері. Осының екі тобы да қазір өз еңбегі, тірлігі, елдің арманы үшін өзінің зорлықшыларына қарсы қатты тартыс, алысқа араласты,— деп сөз бастап еді. Соның дәлеліне 1885 жылы Орехово-Зуевода болып өткен Морозов байға қарсы ғаламат зор стачканы қызық әңгімелеп берді. «Он бір мың жалдама жұмысшысы бар бай екен» дегенде, жастар таңғалысқан еді. Сол саннан сегіз мың жұмысшы бір-ақ күнде, бір сағатта жұмысты тоқтатып, ереуілге шығыпты. Бай ғана шошымай, әкімдер де сескеніпті. Прокурор, губернаторға шейін әскер ала шауып, жұмыскерді шошытып баспақ болады. Оған сол жұмыскерлердің өз арасынан шыққан басшылары қарсы алысады. Жұмыскер еңбегін зорлықпен, алдаумен қоса қабаттап жеп жүрген байдың зұлымдығын айтады. Есе қуады. Ұлықтан сескенбейді. Кейін осы іс бойынша жазалы деп алты жүз кісіні абақтыға алыпты. Сонда да тартылған, тайқыған жұмыскерлер жоқ. Қазір болса, дәл осы 1890 жылдың өзінде де апта сайын Петербург, Москва және барлық ішкі Россияның үлкен қалаларында сол стачкалар болып тұрады. Міне, тартыс осындай жолға түсіп, еңбек үшін осылай алысады,— деп көп мысалдар айтқан еді.

Абай баласының мұншалық ішкі жасырын күйлерге қалайша қанықты болғанын сүйсініп сұрады.

Әбіш бұл жайларды Петербургтың кәрі жұмыскері Ереминнен естігенін айтты. Ереминге Семейден хат апарып беріп танысқан екен. Бұрын революңия жолында көп алысқан, қазір өзі де жас жұмыскерлермен нық байланысты Еремин қарт бұған көп сырларды «Сібіріңе айта бар!» деп, құпия түрде баяндайды екен, содан ұғыпты.

— Ереминнің есебі бойынша, 1880 жыл мен 1890 жыл арасында жүз елуден аса стачка болыпты. Міне, еңбекті ете білген орыс елі еңбекті қорғап, осылайша алыса да біледі. Ой салса, көз жіберсе олқы ма осы! - деп еді, Абай ішінен баласына ден қойып, бас изеді. Ол сәл ойланып отырып, өзінше бір ой қорытты.

— Бұл жаңа дәуірдің өзгерген, жаңа тірлігі тудырған жаңаша бір тартыс жолы ғой. Мен әлі есітіп те, оқып та білмеген халдер екен. Бәсе, бір араға топталған соншалық мол еңбектің өз есесі үшін тартысы да мол боп, қажырлы боп көрінсе керек қой. Бұл Россияның тағы бір тың жаңалығы шығар. Біле жүру қатты қажет болар, бұдан хабардар болғаның жақсы екен!— деді.

Әбдірахман жаңа қозғалған еңбек жайындағы, еңбекші ел жайындағы сөздерге өзгеше көңіл бөліп, Абайдың соңғы сезінің

тұсында, тың бір жайға ой тоқтатып еді. Ендігі ойы Базаралы шабуылына ауысқан-ды. Қазір Әбіш әңгімені осыған бұрды.

— Аға, еңбек пен еңбек иесін өленде, өнерде қадірлеу қажет деп, маған бір жазғаныңыз бар еді. Ол — мақұл іс. Ал өмірде қалай қарау керек? Және еңбектің өзін сәз ету бар, сол еңбекшінің тартысын, жұлысуын бағалау және бар. Алдыңғы бағалаудан мына соңғы бағалау оңай да емес. Қымбаттырақта болса керек. Мен сізден осы ел ішінде былтырлар болған үлкен уақиға жайын сұрамақ едім!— деді.

Әбіштің бұл сұраған создері осы үйде отырған Мағаш, Қәкітай, Дәрмен сияқты жастарға үлкен әсер етті. Олар өздері сол уақиғаның ішінде жүргендей жақын араласқан болса да, Абайдан осы тартыстың мәнін бұлайша сұрасқан емес-ті. Қазір Әбіштіңқазбалап, талдап сұрауы, енді бұлардың өздеріне де нық ой салды. Мағаш, Кәкітай «өзімізден сұраса, не жауап берер едік» дегендей ойланысты. Ал Дәрмен Абайдың жауабына ынтық боп аныра қарап отыр.

Абай жастыққа шынтақтап, бұған шейін баяу тыңдап отырған қалпынан шұғыл өзгерді. Басын көтеріп, тақиясын түзеп, үзын қара шақшадан насыбайын ширақ сілкіп, атып алды да, Әбішке зор ілтипатпен қарады.

Әбіш жаңағы сөзін анықтай түспек боп:

— Менің сұрайын дегенім: сол іс бір ғана кедейдің намыскер қайраты ма? Жоқ, әлде, осы Базаралының ісінде қазақ сахарасындағы правосыз, қорлықта жүрген көп кедейдің бәрінің көңілін, тартысын білдірген шындық бар ма? Сол әрекепі істеуші, бастаушы Базаралының өзі жаңағы жайды қанша дәрежеде түсініп істеді? Онан соң дәл осы жаңағы айтқан екі сұраққа сіз өзіңіз, ел ісінде отырған әділеттің жақтаушысы, халықтың көшпілігінің қамқоры, досы болатын ақын, былайша айтқанда, ойшыл, алысушы қайраткер өзіңіз қалай қарадыңыз, қалай деп ұғынып, бағалайсыз?— деді.

Абайдың көңілінде Әбіштің сұрағаны терң мәні бар аса салмақты жаңалықтай сезілді. Герцен, Чернышевский кітап-тарынан кей-кейде бұған жете түсіп, кейде айқын болса, кейде жартылай түсінікті болатын үлкен сырлы шындықтар тәрізді. Осыны аңғара отырып, Абай бірталай ойланып қалды.

Сәлден соң шапшаң қозғалып, насыбайын алып тастап, бір тостаған қымыз жұтты да, тақиясын қозғай түсіп, сөйлей бастады:

— «Ең әуелі, сол іс көіпің ісі ме? Жоқ, жұлынған, бұлқынған бірдің ғана ісі ме?» дегенде айтарым — бұл көптің көңілінде

жүргені. Бірақ менің аңғаруымша, соны ақыл-санасымен түгел қорытқан көпшілік аз. Ал күнделік іште қайнаған зығырымен, бұны сезінуші аса көп. Яғни, көшіңтілі бармаса да, жүрегі сезіп жүрген шындық. Ендеше, көптің кеудесіндегі аты аталмаған арман дер едім! Бірақ арман бар да, ұран бар ғой! Базаралы істеген іс — дәл сол көптің өзіне де тосын еді. Өйткені көптің санасы әлі бұндай алыс-тартысқа біздің сахарамызда жеткен жоқ қой. Бірақ Базаралы әрекетін мен өз уақытында да көп ойлап ем. Кейде көші сондай оқшау үлкен бір істің өзі де қатты тәрбиелеп сілкінтіп, дүр еткізетіндей. Ендеше, Базаралының ісі бірден шықса да, көптен туған. Көптің жолын куған, мұңын куған қайрат деймін!— деп біраз тоқтады.

Жым-жырт тыңдаған жиын Абайдың ойы енді қалай өрбитінің әлі де ынтыға күтіп отыр. Әбіш ойлы жүзбен бас изеді.

Абай тағы да қозғала түсіп, сөйлеп отыр:

— Екінші, «Базаралы осыны түсініп істеді ме?» дедің. Мен Базаралының кеудесінде осыған ұқсаған ойдың көптен оралып жүретінін білетұғым. Ал Сібірге каторгаға барып қайнатқаннан кейін Базаралы осыны, тіпті, айқын түсініп, ұғынып істеді дейім. Қасындағы қырық жігіт түгел ұғынды демеймін. Ал сонау жатақта отырған менің Дәркембайдай бір қартым бар. Ол — қазынамдай қартым! Халықтың мұңын тыңдағың келсе, соны бір сөйлетіп көр. Елдің шын шерін білдіретін көкейкесті күйді сол шертеді. Сонау қимылдың арғы-бергі бар сырын, арманын анық ұғынатын сол қарт! Үшінші, сол іске мені қалай қарадың деп сұрадың ғой. Жаңағы айтқандарымнан менің ішімдегі ойым мен ниетім ол істен, сол адамдардан бөтен емес, бір тектес екенін аңғару қиын болмас!— деп, өз жайын қысқа қайырды.

Сонымен тағы ойланып отырды да, енді бір шыншыл қызумен көз жанары ұшқындай түсіп, тағы біраз сөз қосты:

— Бірақ мен қарыздармын. Сол ер топқа да, әсіресе, соның артындағы қалың көпке де қарыздармын. Олар ер қимылын етіп өтті. Ал сондай еңбектің қадірін бүгінгі тіріге, келер нәсілге үлгі етіп сырлап, жырлап беруге мен міндеттімін. Және мен ғанаемес, осы мынау отырған жас жігерлі ақын достар бәрі де міндетті. Бәрі де жазсын. Елдің зарын, көпке тағылым берер жырменен жар етсін,— деді.

Дәрмен, Мағаш сияқты жастар бұл сөздің тұсында бір-біріне қарасып, өндері әзгере түсіп, қабақ қағысты. Іштей түсініп, аға міндетін қабылдағандай.

Әбіш Абайдан үлкен саналы, терең жауап алғандай. Сол жауапқа және де жақсы қанағат еткендей. Бірақ тағы да біле түспек, қана түспек жайы бар екен. Соны әкесінен және сұрады;

— Енді соңғы бір сөз. Базаралы ісі оның зорлықшыл жауларын жеңумен аяқталмады. Қайта заманның күштісі өзінің тістілік, тырнақтылығын істеді. Базаралыға ерғен кедейлердің бәрі де кейін қатты жазаға ұшырапты. Көп ел ауыр айып тартып қалды деп есіттім. Сол рас па?— деп, бір тоқтаған еді.

Бұған Қәкітай жауап берді:

— Ол рас. Жігітектің көбі көше алмай, жатақ қалды.

Абай да осы сөздерді қостап, сол рас дегендей бас изеді.

Әбіш өз ойының желісін үзген жоқ еді. Жаңағы жауаптарды

ести отыра, тағы сөйледі:

— Рас, солай бопты. Ал ендеше, істің артына, аяқталуына ғана қараса, сол Базаралының әрекеті ел көпшілігін өкіндірер іс болған жоқ па? Осыған сахарадағы кедейдер нендей байлау жасады? Және дәл осы туралы өзіңіз не қорыттыңыз?— деді.

Абай бұл тұста да шапшаң жуап берген жоқ. Әлдеқандай себеппен қазір Абай Дәрмен жүзіне қарап, біраз көзін сығырайта түсіп, ойланып отыр. Жас жігіттің бұған ыстық нұрлы жүзінен түсініксіз түрде бір жауап тапқандай болды. Сәл жымиды да, Әбішке қарап, шұғыл бұрылып, ендігі ойын таратты:

— Әрине, бірталай көпшілік бұрынғыдан да жоқшылыққа ұшырай түсті. Және сауынынан, көшер көлігінен, жалғыз-жарым талшығынан айрылу — Жігітектің көп кедейіне оңай, осал бәле болған жоқ. Бірақ бұндайлық үлкен істің арты үлкен өкініш, үлкен түңілуге соқса, сол жаман болар еді. Менің білуімше, Базаралы, Дәркембай, Абылғазылар ғана емес, сондағы Тәкежан ұлы мен жалқышыларына өшігіп, өжет соққы берген ер жігіттің бірде-бірі өкінген жоқ. Қайта, көбі оның артынан ішкі жаққа кегіп, бұрынғы өмір кәсіпті өзгертіп, отырықшы, егінші жатақ болды. Төстабандап өнімді кәсіпке, адал еңбекке құлшына түсті. Оны, әсіресе, жасы жетпіске тақап қалған, мына Дәрменнің жақсы ағасы Дәркембайдың өзінен де көру ге болады.

Екінші айтатыным — мұндайлық үлкен қимыл, әр тарихтың таңында туатын халық қайраты, тек, дегеніне жетсе ғана бағаланып, әйтпесе, қадірсіз, бағасыз бола ма екен? Талай тарихтарда халықтың талай топтарынан халықтың қара өзегін қақ жарып шыққан үлкен арманды тартыстары уақытында дегеніне жетпей-ақ қала берген жоқ па еді! Бірақ адам баласының әділ тарихы соларды мақсатына жетпеді деп сөкті ме? Қайта ертеден бері қарай, бірінен соң бірін: «халыктық сыпаттар мынау, мынау!» деп, осындай әрекеттерді тізіп, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп келе жатқан жоқ па? Ендеше, Базаралы қимылының арты жатақтың сиырын көбейте түссе, Жігітектің жылқысын молайта түссе ғана қазақ қауымына, тарихына пайдалы болады десек, дұрыс ұғынғанымыз қайсы? Елдің санасына берген «ат» пенен «түйесі», көптің көзін ашуға қосқан «сауулы сиыры» қаншалық еді? Сол жағынан бағаласақ керек емес пе? Сомға сом орай деп сұрасақ, алысқа барған сана емес, алыпсатардың айырбас саудасында ғана қаламыз ғой!—деді.

Бұл сөз үй ішіндегі топты әр алуан ойға қалдырса да, дошіке күдік тастаған жоқ. Абай енді жаңа дәлелдерге ауысты. Солай бағаланбаса не болады? Мен Россия тарихынан мысал айгайын. Степан Разин қозғалысы қан жоса қырғынмен бітті, Пугачев қозғалысы сол Кремль жанында, Лобное местода, Емельян Пугачевтің төрт бөлініп, шапқыланып өлтірілуімен біткен. Сол Разиннің, Пугачевтің жоқшылық панасыздықта қалған жас нәрестелерінің көзімен қарасақ не болады? Кемпір шеше, қартайған әкелерінің зарымен өлшесек, мүмкін, сондағы пат-шалықпен, мәңгілік жауыздықпен жағаласқандардың бәрінің де істеріне күдік айтуға болар еді. Бірақ сонда да, осының бәрінің арғы төрінде жатқан үлкен есептер, үлкен тарихтық сындар, қорытындылар бар ғой. Сол жағынан қарағанда, әрине, Базаралы істері халық кедейін өкіндіретін іс емес, өсіретін іс! Бұл үлкен өріске басқан, анық ояна бастаған, өскелең қауымның алғашқы қажет, әділ қимылдары! - деді.

Абайдың бұл терең толғау ойлары тыңдаушыларға қатты әсер етті. Әбіш ашық сүйсініп:

— «Үшқыннан алау атады!»— деп, аса сергек үн қатты.

Абай Әбішке мейірлене жымия қарады.

3

Қазір Абай аулы Қызылқайнар деген қоныста отыр. Жіңішке өзенмен қатар бұлақ, бастаулары мол, шалғыны да қалың кең жайлау болғандықтан, бұл қонысқа Абай аулымен ілёс көшіп келген ауылдар аса көп. Мұнда Ырғызбайдың бір өзінен он шақты ауыл болғанда, көршілес Қарабатыр, Әнет, Торғай, Топайдан да талай ауыл бар.

Жиі қонған қалың елдің малы араласып, иттері де сәт сайын әуліге үрісіп, көп таласа береді. Осындай қалың ауылдар бас

қосқанда, әр ауылдың шет-шетіндегі қара үилер, жарты лашықтар, күрке мен қостар бүгіндер көзге, әсіресе, көп көрінеді. Мынадай отырыста бұл өлкедегі елдің «жоғы» мен «тоғын» айыруға оп-оңай. Тек, сыртынан қарап-ақ, қалың көпшіліктің жоқшылық пен мүшкілдік күйін танырсың. Шұбартып жатқан қалың топ мал бар. Олар — ақ үйлердің мүлкі. Кейі мынды, кейі жүздерді айдаған осы өлкенің байларынікі. Бірақ қара үйлердің жас-кәрісі, еркек-әйелі сол малдың неше түлігін иелерінен артық біледі. Өйткені бақташы, сауыншы, күзетші — бәрі де жаңағы шоқпытқа оранған малшы көршіден. Олардың басынан ертелі-кеш, тіпті, түстерінен де осы малдардың қамы мен бейнеті кетпейді.

Дәл осы күй-көрініс бір Қызылқайнарда емес, көршілес қоныстың бәрінде де бір алуандас. Шыңғыс болысының шығыс жақ шетіндегі Бөкенші жайлауы Ақтомардан бастап, батысқа қарай басса, Жігітектің — Суықбұлағы, Көтібақтың — Тоңашасы, Ырғызбайдың — Қызыл қайнары, Жыландысы, Сақ-Тоғалақтың — Айдарлы қойтасы, Есболаттың — Қарасуы — бәрі де жаңағыдай бір күйді, мызғымас бір қалыпты баяндайды.

Бүгін түстен бері сол аталған іргелес қапың елдер жайлауына бір үлкен бұлік араласты. Әсіресе, әр ауылдың шетіндегі кедей-кепшіктің баспанасына қадалған ауыртпалық. Бірде-бір бай үйлерге титтей де соққан леп жоқ. Ал қара құрым лашық атаулыға даланың дауылындай түйіліп тұр. Қайда қойшы, сауыншы, күзетші, жылқышы кем-кетік, жоқ-жітік болса, солардың ғана басына арналған апат.

Бұл пәле тек биылғы жыл, бүгігі күн ғана туып та тұрған жоқ. Ол бұрын да кейде жыл сайын, кейде жыл жарымда осы бүгінгідей оралып соғып отыратын. Сондықтан бүгін тағы сол сордың аты шыққанда, кедей-кепшік асын іше алмай, жүзі жүдеп, ет-жүрегі қобалжып, тыныштықтан айырылды.

Мұндайлық айналма пәленің ашық аты — «Недоймке», «Қарашығын» және биыл түскен «Түндік басы». Қайнаған шілде күнінде Қызылқайнардағы Ырғызбай аулына алғашқы аязды желдей суық хабарды бүгін түсте әкелген старшындыр болатын. Бұл ауылдар Шыңғыс болысының бірінші аулы аталады. Қасына өзге көрші ауылдардың старшындарын ерткен Өтеп біріншінің старшыны еді. Ол осы ауылдарға кеп түскенде, қасына ере келіп, Қызылқайнардағы ауылдардан асығыс лау мініп Ақтомарға, Бөкеншіге қарай құйықтыра, құтыра шауып өткен атшабарлар болған. Олар — Далбай, Жақай дейтін бұлік, сотқар жаңа перілер.

Әр ауылдың баласын қорқытып, итін абалатып, лауды кешіктірген жылқышыны қамшылап, өздері бір үлкен әлек салып, көпті үркітіп кеткен-ді.

Бұлардың бәрі бірдей неге бөріккенін Өтеп өзінің суық хабарымен тегіс мәлімдеп берген. Ол Ысқақ үйіне түсіп, сол үйге осы ауылдың бар малайын жиып алған. Айтқан сөзі:

«Шыңғысқа арнап қаладан қалың ұлық шығыпты. Неше жылдан бері недоймке төлемейді, патшаның алымын бермей, кзрын шашы алынбай құтырып алған ел — Шыңғыс. Содан дәл үш күннің ішінде, барлық биылғы алым мен «недоймкені» және «қарашығынды» да түгел жиғызамын деп келеді.Бүгін біздің болыстың шетіне — Ақтомардағы Бөкенші үстіне кеп түсіпті. Бар старшындарды, песірлерді, билерді түгел сонда тығыз шақыртып жатыр. Асығып барамын. Ал мен өз басыма тықыр таянған соң жанды аямаймын. Ертең түске дейін не ақша-пұлды, не малды әзір етесің, өңшең кедей! «Недоймке» де, «қарашығын» да, биылғы алым бөгеті де — бәрі сендерде. Енді менен рақым күтпе! Ертең араласам, өз обалың әзіңе. Бөгесен, бермесеңтек жалғыз сауын сиырынды, бес ешкінді, жалғыз-жарым бүтартарынды — бәрібір мойын бұрғызбай, үн шығартпай аламын да беремін ұлыққа!»— деп сөзін бітірген.

Осы әмірін Қызылқайнардағы ауылдың ақ үйлеріне түсіп, сол ауылдың малшы-жалшы көршілерін бір араға жиып отырып, түгел айтып, өзі түнге тақау Ақтомарға қарай шауып кеткен-ді.

Пәленің басы осы еді.

Енді сол күні малды жайлап болысымен, ымыртта, әр ауылдың кедей-кепшігі, малшы-жалшысы қозғалақтаған көлеңкедей тыным таппады.

Өтептің дегені рас, ол айтқанын ертең істейді. Былтыр ғана соны еткен Өтеп биыл аяй ма?

Сенделумен тынысы тарылған сан малшы-малай, енді осы кеште өзді-өзінің байларына, ақ үйлерге қарай қадам басты.

Ысқақ аулында бай үйіне алғаш кірген түйеші Жұмыр еді. Аяғында сырма киіз етік, басында талай жылғы тозығы жеткен, сыбағысқан ескі сеңсең тымақ. Жыртық шапанының реңі — жұртта бір жыл жатқан қу шүберек тәрізді. Белің құрым баудың үзіндісімен буыпты. Осы үзік бау — жоқшылықтың дарына асылып, содан үзіліп түсіп келген шала өлікті танытқандай.

Бай үйі оңаша екен. Ысқақ биік төсекке сүйеніп отыр да, оның кесір, кердең нақсүйері, қара торы Мәніке бәйбіше қос жастыққа шынтақтап шіренеді

Жұмыр шал күнұзын түйе соңында жүріп, жол қаққан, қып-қызыл болған кішкене көзін бәйбішеге бұрып әрең айтты:

— Түндік басын да, недоймкесін де төлер талшығым жоқ. жайымды өздеріңіз білесіз... Жалғыз бір ғана байталымнан басқа малым жоқ... қайтемін?..

— Е, бізге қайт дейсің?— деп Ысқақ бұлк ети.

Бәйбіше басын көтерместен ернін шүйіріп:

— Болыс біз емес, алымшы старшын біз емес... мазаны алмай жөніндітап!

Шал дәме ғып еді.

— Япырай, «еңбегі бар сорлы кедей еді» деп қарайласа ма, мына пәледен құтқара ма деп кеп едім ғой.

— Уа, ненің ақысына құтқарады?— деп, енді жауапты кесір бәйбіше билеп кетті.

— Еңбегім бар емес пе еді? Өзім ғана емес, жас балам, анау, өзің атаған Бөрібасар да қозышың боп жүр ғой...— деді.

Осы кезде Жұмырдың қасына екі аяғы қап-қара күс болған қоңқақ мұрын, талдырмаш, жүдеу баласы да кеп отырды. Ол — қозышы Бөрібасар.

— Еңбегің, болса, бергенім аз ба?

— Не бердің, қарағым-ау... ақы алған біз бар ма едік?

— Ақы алмасаң, қысы-жазы ас ішіп, күн көріп отырғаның кім?

— «Ас» деп, ас па еді?.. Ауыздан қалған сорпа-сүйек пен жуынды-шайынды. Кісі итке де береді гой.

— Е, тілің шығайын деген екен, сілімтік шал. Ендеше, жақсы ит жаман түйешіден артық десем не дерсің, өл де маған!..

— А-ай, бәйбіше-ай, қаріп-қасердің көзін ойғаның осы да Баламның адам атын алып, ит атын қойғаның да сол екен ғой!..— деп, шал түңіліп, қозғала берді.

Жұмырдың екі жас баласы бар еді. Біреуі — қазір, міне, он үшке келген Бөрібасар, екіншісі — бұдан кіші кенжесі — ол әлі жас. Соның екеуінің аты: Тәкежан, Ысқақ болатын. Жұмыр шал осы ауылдың қасына көшіп келген соң, Ысқақтың осы кесір, кердең қатыны Мәніке бұл екі баланың атын мазақ еткен. Қазақта бір кісінің атын бір кісіге қою сирек қой. Мына кедей шалдың екі баласы Құнанбайдың екі баласы — Төкежан мен Мәнікенің ері Ысқақтың атын алғанға — асқақ бәйбіше ыза болған.

— Жаман иттің атын Бөрібасар деп, қара бұларды, біздің мырзалардың атын алғанын. Бұдан былай мұның үлкені — Бөрібасар болсын, кішісі—анау өзіміздің сақтебет Көрердің атын алсын да, Көрер болсын,- деген.

Содан осы күнде Жұмырдың екі баласының өз аттары үмытылып, мазақ, қорлық аралас бірі — Бөрібасар, бірі Көрер боп кеткен. Әлгіде Жұмырдың айтқаны осыдан еді.

Сондай қорлықтар үстіне жаңағыдай жуан бәйбішенің рақымсыз иттігін тағы естіген соң, Жұмыр Бөрібасарын ертіп шығып кетті.

Осы кеште Тәкежан аулының шеткі лашығы —Иіс кемпірдің үйінде де сары уайым еді. Жалғыз көк сиырдың емшегін тарта түсіп, қарт ана көптен жылап отыр. Бауырында екі жетім немересі қалған. Олар — Асан, Үсен. Біреуі алтыда, біреуі төртте. Кем-пірдің жалғыз ұлынан қалған жетімдер. Екі баланың анасы, жас келін о да елген. Енді «недоймке», «қарашығын» бұларға да түскендіктен сорлы кемпір не қыларын білмейді. Мал дегенде, осы жалғыз көк сиыр. Қазір соны сауа отырып: «Ең соңғы сауғаным бола ма, екі жетімекке не дермін, не берермін» деп күбірлеп, сөйлей түсіп күңіренеді.

Соңғы сүтін екі кішкене баласына пісіріп ішкізді де, оларды төсекке жатқызып сап, Иіс өзі Тәкежан үйіне келді.

Бай үйінде Әзімбай мен Қаражан бар. Тәкежан біріншінің биі болғандықтан, ұлықтың шақыртуы бойынша Бөкеншіге кетіпті.

Иістің алдында бұл ауылдың малайынан екі кедей жылап келіп, Әзімбайдан рақым көрмей кеткен-ді. Оның бірі Қаңбақ дейтін күзетші еді. Әзімбайдан көмек сұраса: «Әнеугүні екі қозыны қасқыр тартты. Сен ұйықтап қалып жегіздің. Сонда ұрысқанымда қыңырайып, қырсық жауап айттың. «Недоймке» келгенде көзіңе көк шыбын үймелер, сонда көрермін дегенмін»... деп табалаған-ды.

Қаңбақ мазаққа шыдай алмай, үш жыл үдай тек алымды, «қарашығынды», «недоймкені» төледім деп Әзімбайдың мұны ақы-пұлсыз құл ғып келе жатқанын айтып, наразылық білдірген. Қарсы сөзге келіп, ашынған малшының дауын айтқан. Сол үшін ашу шақырған Әзімбай оны боқтап, сабап шығарған-ды.

Тағы бір малшы осы ауылдың биешісі Тоқсан еді. Ол сан жылдан бері осы үйдің босағасында шіріп келеді. Айттырып қойған қалындығына бес түйенің малын төлей алмай, міне, жасы отыз беске келгенде панасыз, үйсіз жүр. Әзімбай оны да мазақ етіп ұстайды екен. Ақы бермейді, «қатынынды әперемін» деп бес жыл алдап, матап келеді. Мұның қайны да осы ауылдың қоймашы жалшысы. Оған астыртын «қызыңды әзір бермей тұра тұр. Тоқсаннан артық мал әперем» деп шырмайды.

Жақсы сауыншы Тоқсан үйленсе кетіп қалмақшы, сол үшін жібермес болып, жіпсіз түсап жүр. Оны да бүгін кішімтайлы, жалынышты етіп мазақтап шығарды.

Енді келген Иіс еді. Жылап отырып Қаражанға жалынды.

Осы бай үйдің барлық арқан-жібін, ноқтасын, желісін, тізгін-шылбырын қысы-жазы есетін тынымсыз қарт — Иіс еді. Сонысын айтты. Қаражан бұған сәл жылы қабақ білдіріп, баласына қарап:

— Бұл байғұсты әлі шаңырақтан шығармап па едіндер?— деп еді, Әзімбай шешесінің емеурінін ұнатпай, қырыс сөйледі:

— Мен шығарам ба? Оны айтып нең бар? - деп қалған.

Кемпір:

— Сиырымды ғана алғыза көрме. Екі жетімегімнің талшығы ғой, қайда барып күнелтемін,— деп еді, Әзімбай жібіген жоқ.

Ішіндегі есебі — кемпірді өз үйіне кіріптар ете түсу. Сол үшін оның мүлде сорлағанын өзі біліп жүрсін. Сондай күйі болса, осы үйдің арқан-жібін алаңсыз есетін болады, мойын бұрары қалмайды. Осындай кәпір мінезді көргенде Иіс кемпір даусын зорайта шығарып, жалғыз ұлын — Исасын жоқтап, зарланып кетті.

— Кеше күздің қара боранында түнде ыққан қойыңмен бірге ығып лыпасыз жел өтінде, қарлы жауын астында қалып, қарағым Исам өліп еді. Өкпесінен жел өтіп, аурулы болып өлді. Сенің малыңның соңында жанын берді. Аясаң нетті!— дей бепгенпе. Әзімбай қатты ақырып, кемпірге:

— Шық үйден! Ондай құныкерің болсам алып көр менен... Әуелі көш ендеше... қасымнан кет!— деп айдап шықты.

Енді кемпірді қорқыту ғана емес, оның жалғыз сиырын шын алғызып, мойнынан бұғалықтап ұстап отырмаққа бекінген-ді.

Иіс кемпір қарғап кетті.

— О, жолың болмағыр! Тілеуің құрсын, басына менің күнім келгір. Екі сорлы жетімгімнің көз жасы жібермегір... Саған жалынғанша, қайдағы аямас қас-дұшпанға жалынсаңшы!— деп, үйіне жеткенше қарғап келді. Екі кішкене бөбектерін құшақтап жатып, түн бойы жылады. Тынымсыз аһ үрды.

— Екі жетімегім, сорлышегім, енді қайттім, қайда соғам бұл басымды!—деп толғанғанда кәрі жасы ағыл-тегіл ағады.

Бұл түнде осындай зар, нала, наразы қарғысты өз аулында Ақберді, Майбасар, Ырсайдай Ырғызбайлар да мол естіді.

Көтібақ, Жігітек, Бөкеншінің байларды да тегіс өзді-өз кедей-малайынан қарғыс пен шағым зардан, қарсылық өжет ұрыс сөздерден басқаны естіген жоқ. Бірақ осының есесіне Бөкенші

Сүгір аулында ұлықтар мен жуандыр тобы бұл кедейлердің сыбағасын мығымдап жатыр.

Начальник Никифоровты қазір билер, старшындар қоршап алған, елпек қағып күтіп жатыр.

— Нашальник Мекапар айтты!..

— Мекапардың беті қатты!..

— Бұл Мекапар қатаң нашальник!— десіп, көп елге Никифоровтың айдынын асырады.

Бар жиын бүгін Сүгір аулында қонып жатып, Бөкенші мен Борсақ, Жігітек ішіндегі «недоймке», «қарашығын», алым төлемеген кедейлерді бытырлатып зарлатып жатыр.

Осы атырапта бұл сәттерде, әсіресе, аттары қатты шығып тұрғандар пристав Көкшолақ пен соқыр урядник Сойкин — мұны осы ел қазағы кешеден бері «Сойқан» атандырған, Көкшолақ қарбытып жем алуда, қомайғайлығы қасқырдай болған соң, бұрын-ақ ел арасында «Көкшолақ қасқыр», «Көкшолақ» аталған. Ал мынау урядник параның үстіне қамшысын, дүресін қоса жүргізеді. Кешеден бері айдын үшін Далбайдай атшабарды сабады. Недоймкенің малын бөгеген Борсақ кедейінен бес кісіні қызыл жоса ғып қайырды. Осы мінезіне қарап старшындар; «Бұл дүре мен парадан басқа ас жемейді. Өзгені жесе арам болсын» деп мысқылдап жүрген. Сойкин атын бұзып «Сойқан» қойған.

Бұл жиында тағы да аты құтырып шығып тұрған пәлеқордың бірі — Шыңғыстың песірі Жаманқарин. Бүгін түстен бергі жауыздық, қаталдығы үшін Бөкеншінің кедей-кепшігі оны «Қабанқара», «Қабанқарин» деп атандырған.

Осындай сойқанды қасқырлар мен қабандар ел етіне арам тұмсықтарын борсықтай батырып жатыр.

Түнде Қабанқара, Жиренше, Тәкежандай билердің, Өтептей старшындардың тапсыруы бойынша қарта ойнап отырып, Көкшолақ арқылы Никифоровпен де келісіп алды. Сойқанға да емеурін жасап қойды. Бұл әкімдер қаладан тек түндік басы мен недоймкені жия шыққан. Ал билер мен песір, старшындар есебі басқа. Олар осы екі салыққа қоса «қарашығынды» да жиғызалық дейді. Урядник, стражниктер қолымен оңай алғызуға болады. Ал ол патша салығы болмағанмен, осы ұлықтардың өз салығы. Бүгін «қарашығынды» жақсы жиып алса, бастығы Никифоров болып, бәрі бөліспек...

«Қарақабанға» көп сейлеп, қиналу қажет болмады. Екі ойланбай-ақ Никифоровты Көкшолақ, Сойқан, Қабаңқара үшеуі көндіріп алды да, төртеуі бір-біріне көз қысып, бас изеді.

Бұлардың өзара ұғысқанын білгенде билерден: Тәкежан, Жирен ше, Бейсенбі, старшындардан: Өтеп, Күсен, Тойшыбек, Бөкем бай, Абылқайыр — бәрі де жымың қақты.

Жем-параның иісі мұрындарын жарып, тынымдарый алғандай. Жемтіктес құзғындардай немесе жақында өлген өлек сені қырымнан көріп, андыздап ұшқан қарақұстай. Маңайдағы үлкен оқшау биік — Орда, Доғалан, Шұнай, Өртендерден тегіс жемге анталап ұшқан қорқау тағылардай.

Ертеңінде осылардың ішкі есебі мен дегені бойынша жойқын жорық басталды. Ел ішінде әлді-малды үйлердің сандығында болмаса, көпшілік қолында ақша жүрмейді, қедей атаулыда ол мүлде жоқ. Ал түндік басы, недоймке, қарашығын — бәрі де ақшамен есептелген. Енді телер пұлы жоқ, берімсек нашардың бәрінен ақшаға орайлап мал алып жатыр. Оны да арзан бағалап, артығымен сыпырады.

Осымен бір жағынан дүрені, бір жағынан қол қимыл зорлықты салып, әр ауылдағы кедей-кепшіктің қой-тұяғын, жалғыз-жарым қарасын атшабарлар, старшындар, урядниктер жалмап қағып әкетіп жатыр. Әр ауылда балалар жылап, шешелер қарғап, әсіресе, кемпір ана зарлап, көп жұрт күңіреніп кетті.

Аузындағы ағын, алдындағы талшығын тартып әкетіп жатқан дұшпан селдей бір апат.

Осы топ Қызылқайнарға қарай басқан сайын, артындағы қара мал мен қой-тұяқтың шоғыры молайып келеді. Сол елдің артында бар сахара қарғап-сілеп шұбырғандай. Жылаулар да, ызалы, назалы күйгендер де, көкірегі мен тілі қарғысқа толы шарасыздар да қалмай ілеседі. Бұл келе жатқан күңіренген көздің жасы.

Бөкенші, Жігітек, Көтібақ жайлауларында, тіпті, жалпы осы өңірдің елінде кедей ауылдар мен жеке жыртық лашық атаулыда бұл апаттан аман қалғаны жоқ еді. Жігітектің Суықбұлағында отырған көп үйлі жалғыз кедей ауыл барды. Бұлардың арасында Базаралы, Әбді, Сержан, Асқар мен Келден сияқты бір топ жігерлі жандар болатын.

Айналадағы жарлы-сорлының бәрін ұлардай шулатып жатқан алым мен «қарашығын» пәлесін бұл ауыл да есітіп жатқан.

— Бізге келсе не дейміз? Қолда пұл жоқ. Бар осындағы кедей-кепшіктің күнелткені — бірді-екілі ешкісі мен екі үй ара сауыны, талшық қылатыны аз ғана сиырлары. Жұрттың осындайларын әкетіп жатыр дейді. Біз былтырғы жылдың ауыртпалығынан, Тәкежан салығынан тұралап қалған елміз дегенді кім тыңдайды? Бұған не лауа қыламыз?— деп, Келден өзі үшін ғана емее, осы ауыл

халқы үшін, аш-арық үйлер, қызыл-қарын жас балалар үшін қауіп шеккен.

Осы ойларын Базаралыға кеп айтқан-ды. Өзі науқас боп, төсектен тұра алмай жатса да, Базаралы салмақпен бас көтеріп, саспай ақыл айтты.

— Келсін, келгендегі бетін көре отырып шешеміз. Қолдағы қорегін беріп, қоя беріп отыра алмас, кеудесінде жаны бар жан болса! Әзір айтарым: осындағы Әбді, Сержан, Асқар сияқты бар ірі азамат, еркек атаулы ешқайда шықпай ауылда болсын. Ал келген жендетерін ең алдымен маған жіберіңдер. Менімен сөйлессін, осында алып келіндер!—деген.

Келденнің қаупі теріске кеткен жоқ. Түс ауа бергенде, бұл ауылға да шапқылап алымшылар жетті. Келгендер үшеу екен. Ең кәрлісі—төсінде қақпақтай үлкен жезі бар, жанында кең қоржын тәрізді іші бос былғары сөмкесі салбыраған алақұйын атшабар Далбай. Айбар үшін сөмкесін қамшысының сабымен соісқылап, қатын-баланы үркіте келді. Абалаған иттерді үркіте қуып, өршелентіп қояды. Қасында осы Жігітектің ауылнайы, о да ожар, даңғой, ақылсыз Жігітек Дүйсен бар. Екеуі сан көбейту үшін атқосшы қып үнсіз жігіт Сәлменді ертіп апты. Атшабар мен ауылнай келе бере шеткі үйлерден бастап, бықпырт тигендей қыла жөнелді. Ауылда түстегі иіруде жатқан ешкі-лақ пен қараша үйлер жанындағы жалғыз-жалғыз сиырларға үмтылды.

Келден мен Әбді келіп, бұларға тіл қатып: «Базаралы шақырады, әуелі соған жүріп тіл қатыңдаршы, тым құрыса! Адам баласысындар ғой, аял берші азғантай, жүріндерші Базаралыға!» деп еді, Далбай құтырынып, Келденге де қамшы үйіре бастады.

— Бармаймын, Базаралы кім? Құдайсымай өзі келсін, әуселесін көрейін!—деп.

— Базаралы ауру, қозғала алмай жатыр. Сендерді шақырып отыр,—дегенді тыңдамай, қолдарымен әр үйдің малын өздері билеп ұстап, тізе бастады.

Осы кезде Базаралының қасынан Сержан кеп еді. Әбді мен Асқарға күңқ етіп:

— Базаралы екеуін де ұстап, сүйреп әкеліндер,— деді.— Ұстаңдар, жігіттер! Жүріндер!— деп өзі алдымен үмтылып кеп, Далбайды иығынан ұстап, өзіне қарай бұрды да:

— Әй, жігітім, тоқташы былай!— дей беріп еді, Далбай қамшысын сілтеп, ақырая берді.

Сержан сол сәтте қамшысынан ұстай алып жұлқа тартып қалғанда, бұлдіргесі білегін үзе жаздаған Далбай етпетінен түсті.

Ауылнай Дүйсен Сержанға ақырып, үмтыла беріп еді, оны Әбді омыраудан бүріп алып сүйрей жөнелді. Далбайды өзі тұрғызып ап, Сержан да Базаралының үйіне қарай дедектетіп, бүріп алып жөнелді.

Жуас жігіт Сәлмен өздіпмен дедек қағып, таңырқап та, қорқып та келеді.

Базаралы көп сөзге келген жоқ.

— Сен иттердің кешеден бері осы елге бөрідей араласқанынды біліп отырмын. Жетті! Сөз тауысатын несі бар, жық екі итті!-деп бұйырғанда, Әбді мен Сержан екі жендетті от басына қалпақтай түсіріп, етпетінен жатқызып, сұлатып салды.

—Шеш! Сыпыр шапаны мен көйлегін! Жаландшта бөксесін!— деп, Базаралы тіп-тік қаздиып ап, қанын ішіне тартқан кәрлі жүзбен жауланып огыр.—Тамам кедейдің кешеден бергі көз жасы үшін, тым құрыса, сендердей жендеттердің көзін жойып кетейін! Ал қолдарыңа қамшыны, Әбді, Сержан!— дегенде, Далбай мен Дүйсенді Асқар сияқты екі-үш жігіт баса қалды да, Әбді мен Сержан білектерін сыбанып, алақандарына түкіріп тұрып, екі дырау қамшыны жазалылардың көзіне көрсетіп, құлаштап көтеріп алысты.

Осыған жеткенде жаман шошыған Далбай мен Дүйсен Базаралыға жалынып, безек қақты. Базаралы Әбділерге көз қысып, әлі үрғызбай тұрған-ды. Аналардың жалынған сөзін біраз есітіп алды да, енді екеуіне төніп отырып:

— Неғылсам рауа, екі ит!! Ә-ә! Өлгірсем қолымнан кім алады!?

— Жаздық, жаңылдық, әкетай!

— Кеше гөр, ағатай!..

— Келесің бе енді бұл ауылға, аласың ба ешкі-лақты?..

— Жоқ, жоқ, оңбай кетейін!

— Көпір өтейін келсем!

— Ал осы көргеніңді ұлыққа барып шағым етесің бе, жоқ па?

— Етпейік, айтпайық!..

— Көрдік, білдік демейік, тек жанымызды қалдыр, оңбайық айтсақ!

— Сабатсам ғой, өлетіндерінді білесің. Ал босатсам, шағым айтпасқа серт бересіндер ме? Ант ішіп, уәде қыласың ба екеуің?

— Ойбай, керек десең кеудеме құран ұрайын, — деп, Дүйсен қандай сертке болса да әзір екенін айтты. Далбай да соның сөзін айтып жалынып жатыр.

Базаралы асықпай көзін қысып отыр.

— Егер бұл жерде ант ішіп, онда барып шағым етіп, ертең осы арағаұлықтың кәрін әкелсендер неғылайын?

— Жүзіқара болайық!

— Оңбай кетейік.

— Онда екеуіңді бүрсігүні түнде үйлеріңде бауыздап өлтірейін бе?!

— Үйтіп ит болсақ, өлтіре бер!

— Ендеше, қазір кеуделеріңе құран ұрып, серт беріндер, бересіндер ме?!

— Берейік, ойбай!

— Дегеніңді қылайық!

— Олай болса, ең әуелі, ауылдан «недоймке», «қарашығын» сұрап қайта келмейсіңдер. Бізді Шыңғыс асып көшіп кетіпті, жете алмадық дендер! Екінші — осы көргеніңді шағым етіп болыс, ұлық атаулыға ләмдеп білдірмендер! Сөз, сертосы ма!?—деп Базаралы Келденге қарап еді. Ол да, Әбді де:

— Осы! Осы!— десті.

— Ал ендеше, жаңағы екі сертке сөз беріп, кеудеге құран ұрасындар ғой!?— деп Базаралы тағы ақырды. Әдейі сескентіп, қатты ақырып сөйледі.

— Құран ұрайық!

— Әкел ендеше, құранды!— деп, Базаралы үй ішіне бұйрық епі.

— Құран болушы ма еді бұл ауылда?— деп Әбді мысқылдап күңқ етіп еді, Базаралы зекіп қойып, көз қысты:

— Неге болмасын құран, әне, ана тұр, әкел анау уықтың қарында тұрған құранды!— деді.

Сержан тап беріп, көп қағазды, будыраған қалың кітапты Базаралыға ұстатты. Бұл кітап құран емес, Базаралы осы қыс-та кешіртіп алып, ауылдың барлық жас-кәрісіне естіртіп оқытып жүретін Абайдың елендері болатын. Бірақ хат білмейтін Далбай Базаралы ұсынған кітапты құран емес деп ойлаған жоқ. Дүйсен де жатқан бойында қол созып, қалбақтай ұмтыла берді.

Базаралы кітаптың бетін ашып Далбайға:

— Сүй мына құранды, «осыдан жаңағы айтқан уәделеріңді бұзсам кәпір қауымында өтейін, қатын-балам жүзін көрмейін, арам кетейін» деп айт осыны!— деді.

Екі бұлік те осы анттарын айтып, құранды сүйіп, ант-суды ішті де, бас амаңдады..

Базаралының дегеніндей болып, ұлықтардың кәрі бұл ауылға жете алмай, көн ел пелесінен тек осы жалғыз ғана келей ауыл аман

қалған-ды. Бірақ қалған жұрттың зар-наласы ағыл-тегіл. Жауыздар өз сұмдығын істеп, ілгері тарта берді.

Аз уақытта ел жендеті — талаушылар тобы Ырғызбай ішіне жетті. Ысқақ, Тәкежан ауыдаарына араласты. Алда келе жатқан старшын Өтеп, атшабар Далбай,Жақай, пристав Көкшолақ пен Сойқан, Қабанқаралар болатын.

Никифоров қасына Тәкежан, Жиреншелердей билерді ертіп, алдағы бөрілердің артынан асықпай бастырып келе жатқан...

Ысқақ пен Тәкежан аулына да кесір топ бөгелген жоқ. Аз ғана айналыстан соң кешегі Жұмырдың қоңыр байталын, Қаңбақтың бес ешкісін, Тоқсанның жалғыз тайын жөне әсіресе, сорлы кемпір Иістің көк сиырын тартып айдап бөліне берді. Зарлаған кедейлер айқай салып, қарғап-сілеп, малдарына жабысып жүр.

Тәкежан аулынан Иісті қан қақсатып кеткен топ бөліне беріп еді. Осы кезде кәрі әженің ащы зары құлағына жеткен Дәрмен шауып келді. Оны Баймағамбет екеуін, осы елдің не көріп жатқанын біліп келіндер деп Абай жіберген екен. Дәр-мен Иістің былтыр өлген баласы Исаны жақсы білетін, тіпті, құрбысы еді.

Мұны көрген Иіс зар қақты, пана тіледі. Дәрмен енді аңғарса, Исаның екі жетім баласы Асан мен Үсен де көк сиырдың екі бүйіріне жабыса түсіп, көздерінен соралары ағып, боздап жылап келеді екен.

Дәрмен кешеден бері бұл өңірге араласқан бұліктің жөніне қанық еді. Енді сөзге келген жоқ. Иістің бұған қарап:

— Қарағым, Дәрмен-ау!.. Не болдым!.дей беруі-ақ мұң екен, Дәрмен атынан секіріп түсіп, Далбайға ақырып ұмтылды.

— Жібер сиырын, өңшең жауыз!

— Жібермеймін, тәйт былай!— деп, Далбай қамшы көтере берді.

Дәрмен жанындағы пышағын жұлып алып, сиырды жетелеген бас жіпті кесіп жіберді. Көк сиыр бұрыла жөнелді. Сол кезде Өтеп, Жақайдың боқтық айқайы шығып еді. Қабаңқара ағызып кеп Дәрменді бастан тартып кетті. Дәрмен де қамшы салды. Бірақ ол жаяу. Қабанқараның қамшысы Дөрменнің бетінен қанын бұрқ еткізді. Осыны көріп Баймағамбет Қабанқараға ұмтылып еді, оны Өтеп пен Жақай кимелеп шетке қағып әкетті. Баймағамбет сол сәтте атын борбайлап, Абай аулына қарай шаба жөнелді.

Ауыл сыртындағы осы жанжалдың үстіне кешкі сейілде жүрген Әбіш окыс килікгі. Дәрменнің бетіндегі қанды көріп, Әбіштің өңі құп-қу боп кетті. Жүгіріп кеп, Қабанқараның қолындағы

қамшысын жұлып тартып қалғанда, бұлдіргесін білегіне ілген Қабаңқара аттан бірге домалай түсті. Енді песір мына офицер киімді жігітті көріп, неғыларын білмей қорқақтап қапеді.

Осы кезде бұл арадағы жанжал мен бөгелісті білген Сойқан алыстан боқтыққа басып құйықтырып келе жатты... Иіс кемпір сиырының артынан аяндай беріп еді, урядник келе бере жолындағы кемпірді салып өтті. Әбіш осы кезде құстай үшып барып, Сойқанның атының ауыздығынан ала түсті:

— Шошқа! Не деген шошқасың?— дегенде, ойда жоқ өскер адамын көрген урядник сасып қалды.

Бірақ Қабаңқараның айқайын есітіп, қайта құтырды.

— Бұл кімдер? Қайдан шыққан қорғаншылар? Мен сендерге көрсетем!—деп боқтыққа басып, қамшы үйіре бастады.

Дәл осы кезде шапқылап Абай да келіп еді.

Енді Никифоров пен билер де жеткен екен. Арттағы барлық зарлы кедей де шұбырып, арыздарын жан-жақтан шулап айтып жатыр. Абай Тәкежан мен Жиреншеге қысқа сөз тастады.

— Ел өртенеді мына бұліктен. Ол өртенсе, мына екеуің алдымен кетесің. Күймейді екем деме! Тарт енді аяқтарыңды. Кетіндер! Мына ұлықпен жүрт атынан мен сөйлесемін!—деді.

Абай сонша қабынып, қанына қарайғандай, отқа түсермендей боп келген екен. Тәкежан мен Жиренше шынында, «мұның бір білгені бар екен» деп тайқи берді.

Никифоров олардың Абай алдынан жалтарғанын көріп, өзі де сескеніп қалды. Оның үстіне, Абайдың жаңағы үнін сезген зарлы, ызалы кедейлердің қаны қатты қайнап, жан-жақтан ашулы, кекті үндермен ақыра бастады.

Енді Никифоров Көкшолақ пен Сойқанды да, Қабаңқараны да өзі әмір етіп тоқтатып алды. Абай Никифоровты танушы еді. Оған бүгін Тәкежан аулына қонып отырып, алым-шығынды жолмен, заңмен алуды мәслихат етті. Жайшылықта батыл, қатал чиновник Никифоровіың дәл осы арада қобалжуына себеп мол. Өйткені Сойкин, Қабанғарин сияқты парақор, қомағай, сотқар серіктері арқылы мұның өзі де бірталай былғанып қалған-ды. «Қарашығыннан» дәл өз басына да мол үлес тиегінін Никифоров ішінен жақсы есептеп қойған. Әрбір парақорлық зорлықтың қатарында жалтақ, қорқақ, сақтық бірге жүретіні мәлім. Абайдай таза адамның жылаулар көпшілікке болысып, ашумен іске араласқаны Никифоровты шынымен қатты сескендірді.

Никифоров Абайды ұнатпаса да жанжалдан жасқанып, осы Тәкежан аүылына қонып қалды.

Абай түн бойы өзі араласып отырып, бар кедейден «қарашығынды» алғызып тастап, өңшең ауқатты шаңырақтарға салғызды. Кедей атаулының көп малы өзіне қайтты. Бірақ осы іске амалсыз көнген ұлықтар сол күні Абай кетісімен, оның үстінен мол протокол жасап, қалаға шағым әкетті.

Екі күн өтті. Абай бұл кезде көпшіліктен оқшауланып, көбінше оңаша, өзімен-өзі болуды тілейді. Қазір мына Әйгерім төсегінің жанында беті ашық бір үлкен кітапты ұстап отыр. Бірақ оқып отырған жоқ, ауыр, мұңды ойда отыр.

Кіріс-шығыстың — бәрінің тұсында үнемі кітап ұстап отырған ерін көрген Әйгерім, бөгде еш нәрсе сезген жоқ. Көп жылғы үйреншікті- дағдысы бойынша Абай соңғы екі күнгі оқшау отырысында бірнеше рет қағаз, қарындаш сұрап алды. Ол — тың өлең туды деген белгі...

Көркем мінез иесі Әйгерім ендігі тірлігінде Абайдың осылайша мұның өз қасында, оңаша ой еңбек үстінде отырғанын өзгеше қадірлейді. Ерінің оңашалықшағын бұзбас үшін Әйгерім бүгіндер көп бөгде кісіні бұл үйге кіргізбеген. Жастарға да «қағаз жазып отыр» деп, мәжілістерін Абайдан бөлек өткізу жайын сездірген.

Бұл отырыстарда Абай үзілмес, тынбас қайғы, қалың ойға кеткен. Өткен түндерде де ол көп күрсініп, қозғалақтап, үйқы тыным алмады. Өзімен-өзі боп, ерте мен кештерде ауылдан бөлініп, дөң асып кетіп жүрген. Елдің бар ұйқысыз кәрілерінен де бұрын тұрып, тынымсыз жүреді. Кейде ымырт жабыла, кеш оралады.

Оны осындай ауыр ойлар бунайтын шақтар әр кезде болушы еді. Тек қаладан Әбіш келгелі ғана іштегі көп қыспағын уақытша жеңгендей, аз арылып жүрген сияқтанатын.

Қазір сол бір ұлы толқын тағы тебірентті. Тегі, осы күйлер оның соңғы жылдардағы көп өлеңіне мұң-сазын, қалың қайғы сазын қоса жүретін.

Бұл уайым — ел уайымы... Надандық, жоқшылық, қорлық тірліктегі көптің уайымы.

Соңғы күндерде осы шерді қайта оятып, мұны бұлықтырған Тәкежан аулындағы әлек. Кедей-кепшік зарынан туған еуре.

«Қарашығын» мен «недоймкенің» шатағынан пайда болған қалың елдің қайғы соры өткен түндерде Әбішке де тыным-тыныштық тапқызбаған. Ол бір кезекте Абайға жалғыз келіп, өзінің тағы бір тың ойларын әдейі оңашада айтқан. Әбіштің айтуынша, бұл зорлықтың бір шеті — елдегі бұліктерде жатса, ел дұшпандарыңда жатса, екінші жағы - патшалықтың ұлықтарында. Осындай зорлық бар Россияның көп миллион крестьяныңың басында да дәл осылайша. Сондықтан да жыл сайын крестьян ереуілі, тартысы болады. Оны да Әбіш Еремин қарттан есітіпті, Жасырып, тығып бүркейін десе де, патшалық бүркей алмай отыр. Өйткені дүниені қаптаған сондай қарсылық.

Осы тұста Абайдың өзіне ғана білдіріп, Әбіш Еремин жайын да анықтай түсті. Ол мұның былтыр оқудан босаған жазғы кезінде тұрған пәтер иесі әйелдің туған ағасы екен. Сондықтан кездесу, сырласулары көп болыпты. Бұл жайды да Абайға Әбіш құпия қып оңашада айтты.

Соңғы бір жеті-сегіз ғана жылдың ішінде үш жүзден аса крестьян ереуілі боп өтті. Сонда Россияның алпыс бір губерниясында әр алуан соғыс-тартыс, патшалыққақарсы, зорлықшыл байларға қарсы ереуіл болған. Ал Киев, Чернигов, Полтава сияқты облыстарда крестьяндар жаңағыдай қарсылық үстінде, дәл осы кеше болған алым, недоймке бар ғой... соны төлемейміз деп қырқысыпты. Ойласам, осы жылаған елге бір жігерлі басшы араласса, әп-сәтте сол көздің жасы құрғап, оның орнына ашу, кек, қарсы қайрат туар еді. Бірақ сондайға оянған ел жоқ... Оятқан қуат, басшылық ой тағы жоқ қой!..— деп Әбіш өкініш білдірді.

Абай Әбіштен естіген бұл сөздерге де ішінен қатты ілтипат жасады... Тым қурыса, сондай елдің оянған қауымының да ортасында кешпеген өз өмірін өкініш етті. қалың жұртты оятып, бастайтын екпінді қуат өзінде де табылмағандай. Осыған, әсіресе, қамығады.

Абайдың шын мұндасы Ербол ғана болғандықтан, жаңағы бір әзірде оның жалғыз келгенін ақын теріс көрген жоқ. Қасына шақырып алып, іштегі жарасын ашты.

— Ербол-ай, мені тағы бір ой бунады ғой!

Ербол досына жаны ашығандай сөйледі:

— Бәсе, жүзің де ашаң тартыпты... Нені мұндап кеттің тағы да?- деп, енді Абайға ұзақ қарады. Досының соңғы күндерде азып қалғанын андады. Өңі сүрланып, көз айналасы қазылып, демі дірілдей түседі. Ішкі шерден, санадан солған жүдеулік бар.

— Мұң үлкені кешегі өткен соңғы өлектен туып отыр.

— О, несін айтасың! Анау үйлерде біз де сан алуан ойға кетіп жүрміз. Әбіш те ертелі-кеш соны айтысып, тына алмай жүр. Саналының бәрі түршігіп қапты тегіс. Бірақ көп сорлыны бұғалықтан босатқан жоқсың ба?

Абай басын шайқады.

— Ол бір шөкім, қасындағы аз топ қой. Көпті қайтесің? Өзге жерде, бар жайлауда сол пәле әлі жүріп жатыр. Тіпті, осы бір болыс па? Бір Тобықты ма? Бар қазақ даласында тамам сорлы күңіреніп жатыр ғой.

— Әрине, әрине!.. Көші айтсаң амал қані...

— Халқым, қазағым, жүртым сол. Соның күйі қалың сор... Соған мен не көмек, не басшылық еттім?..— деп, біраз үндемей қалды. Шарасынан шыға жаздап үлкейе түскен ойлы, мұнды көздері бет алдына қадалып қапты.— Жас шақтан әр кезде, әр атаның ұлындай жаманшылықтармен алысқан болдық. Бірақ нені жендік? Не жақсылық орнаттық? Кеткен өмір, өткен бейнет жемісі қайсы? Еліме жол тапсам етті, Мен болсам, өзіме де тауып жеткем жоқ. «Мақсүт алыс, өмір шақ»— деп, өзінің бұрынғы бір осындай уайымдар тұсында жазған сөзін еске алды.

Ол өлең Ербодың есінде болатын.

— Әлі де саналы жалғыздың өзімін дейсің де... «Моласындай бақсының жалғыз қалдым тап шыным» болып тұрғандай, қырсық тірлік.

— Күн артынан күн келеді. Бірақ жаңғырығар дүние жоқ. Елді жегідей жеп жатқандар анау. Қалың жүртың қорлықта, зарда, иткешуде жатса, қасқырдай шауып, жауша тонап тойымсыз, тынымсыз бұліктер жүр. Өзгені қояйын, кешегі пәленің, қалың қарғыс пен көлдей көз жастың бір айыпкері болыс қой. Ол менің інім Оспан екен. Жауыздықменіңөзімнің де қойны-қоншымда отырғаны ма?— дегенде, жүзі өзгеше қуарып, қолдары да дірілдеп кетті.

Осы кезде бағана бұлар шақыртқан Оспан келіп кіріп еді. Абай оның сәлемін алған жоқ. Інісі қасына кеп отырып болмастан сөйлеп кетті:

— Әй, Оспан, кеше елінді жау шауып жатқанда, сен болыс қайда жүрдің деймін?

— Қай жауды айтасың, астапыралла?

— Жау емей кім, бар кедей-кепшікті қан қақсатқан бұлік топ? Қайда жүрдің деймін?

— Мен сияз құрып, Сақ-Тоғалақта болдым ғой.

— Немене, сенің өз малың бір басыңа жетпей жүр ме? Осы «қарашығын» деген қасқырдың жемін қайдан таптың?

— Ойбай, не дейсің? Мен өзім үшін жинап па едім?

— Патшаның алымы мен недоймкесі аз ба еді? «Қарашығынды» болыс, би, старшын, тілмаш, атшабар жейді. Соны «кімге жиятынымлы білмелім» леп. енді өтіоік те айтпақсың ба?

Оспан мол денесімен қозғалақтап, Абай алдында ұлық алдынан бетер қысылды.

Ол қазір Абайдың ашуынан жасқанды да, жақында болған бір халді айтпай, іркіп қалды. Анығында, Никифоров мұның кеңсесіне алғаш келгенде, Оспан өзі де сонда болатын. «Недоймкені» және «қарашығынды» қандай тығыздықпен, қатты шаралармен жию қажет екенін суық түспен бұйырған-ды.

Оспан осындай «недоймке» мен «қарашығыннан» кедей-кепшіктің жылда зарлайтынын айтып, сескене қарап еді. Тар-тыншақтап, «тым құрыса, өз басын жұрт қарғысынан амандасам» деп жалтақтап көрген. Сонан ары Никифоров пен Сойкин Оспанды оңаша шақыртып алып, қатты қысқан-ды.

— Сен патшаның салығын жиып бере алмай отырған нашар болыссың, осы үшін біз оязға, губернаторға рапорт түсірсек, сен орныңнан ғаңа түспейсің, қазынаның салығына қарсы шығып, бөгет жасаған кісі боп, ең алдымен басың сотқа ілінеді. Қайсысын тандайсың? Айт!..- деген Никифоров.

Содан кейін Оспан амалсыз осындай зіл-салмақтан ығысқан да, «недоймке» мен «қарашығынды» түгел жиюға қол қойған. Бірақ «басымды алып қашсам еді осы пәледен» деп Тәкежанға шаққан соң, ол бұған ақыл-айла үйреткен.

— Біріншінің биі болысы жоқта болыстың орнына жүре алады ғой. Ұлықтармен мен болайын, Жиренше болсын. Сен сияз құрған боп анау Сақ-Тоғалақ сияқты жырақтау елдің біріне аттанып кет!—деген-ді.

Оспан кешегі әлек күндер кезінде осындай сылтаумен тайқып жүрген. Енді бұл сырын ашуға Абайдан тағы үялып отыр.

— Е, мен бұрын болыс болып көріппін бе? Соны ел-елдің бар болысы жиғызады деген соң, жиса жисын деп ем, әйтпесе...

— Сонда жарым үлесті өзім жеймін дедің ғой?!

— Өзім үшін емес, ойбай... Қайдағы пәлені қайдан таптың, Абай-ау! Қайдан білейін, иттерді!-деп, Оспан әлдекімді боқтап жіберді.

— Өзінді боқта әуелі!— деп Абай ақырып қалды.

— О, батыреке, жерлеп болдың ғой, ақылынды айтшы, одан да. Айыбымды немен жуайын... Кімді жазала дейсің?

— Сорлыны емес, жуанды жазала деймін. Елдің ақысын әпер, тым құрыса, солардан!

— Оларың кім? Кімдерден әперейін?

— Бастығы өзіңнен, менен, Тәкежаннан әпер! Ел есесі, ер-азамат, кемпір-шал, жарлы-жакыбай еңбегі кімде кетіп жүрсе,

содан әпер. Адам боп еңбек етші, тым құрыса. Елде кім көп? Жылаған, жоқ-жітік көп. Өзі ұры ұстап, әрі байып, әрі сан сорлыға еселі жауап бермейтін жауыздық көп. Соларға жаза сал...

— Қайтіп саламын сол жазаны?

— Сиязды, сол жауыздарға жаза кесетін сияз ет.

— Е, міне, мұның ақыл, болмаса, тіші, апшымды қуырып, жанымды жағамнан алдың ғой, жөн сілтемей тұрып... Ал енді бар ма? Жаңағы айтқан содыр-сойқандарынды тегіс біліп отырмын, тоқш, енді көрерсің. Оспан болыстық үшін қалтырамавды, гіпгі, орнымнан түссем де, «байғұс қолынан келген қайратын халықтың қас-дұшпанына жұмсап түсіп еді» десін! Бәлем, жуан шөгелді ме!.. Жонынан басып жүріп, ең шонжарларын тандап алып тұрып бір соқтығайын.

Абай Оспанның ендігі жүзіне жылынған шыраймен қарады. Анық қайрат, қимыл көрсетердей.

— Осы айтқаныңды басташы. Сенімен бір туғаным үшін шын бір қуанатын болайыншы. Түссең де адамшылық, азаматтық жолына басып барып түсші!..

— Үндеме... енді, қоя тұр... Сөз бітті!— деп, Оспан Абайдан ендігі ақылды сұрағысы келместең, тұра жөнелді."

18 страница6 ноября 2017, 16:32

Комментарии